20.08.2026 15:54

Қазақстанда жаңа көліктер бағасының одан әрі төмендеуі екіталай – сарапшы

Дегенмен, сатып алу мүмкіндіктері арта түспек.

Ербол Казистаев
Қазақстанда жаңа көліктер бағасының одан әрі төмендеуі екіталай – сарапшы
Фото: Pixabay

Қазақстанда 2026 жылдың соңына дейін жаңа автокөліктер бағасының арзандауы екіталай. Бұл туралы AutoReport редакциясына берген сұхбатында Автомобиль нарығын мониторингтеу және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарян мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміздегі ресми дилерлер қазірдің өзінде "өз экономикасының шегінде" жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Сарапшы Қазақстанда екі жаңа зауыт (Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және Kia Qazaqstan) іске қосылғаннан кейін, 2025 жылдың соңында жаңа көліктердің орташа құны төмендегенін еске салды. Ал 2026 жылы отандық автонарықта бәсекелестік күшейіп, бұл да салондардағы көлік бағасының арзандауына ықпал етті.

"Төмендеу одан әрі жалғаса ма? Өте екіталай, себебі қазіргі уақытта дилерлердің көпшілігі өз экономикасының шегінде жұмыс істеп тұр", – деді Артур Мискарян AutoReport редакциясына берген сұхбатында.

Ол жыл аяғына дейін отандық автонарықта жаңа брендтер мен модельдер пайда болатынын, сондай-ақ жеке тұлғаларға арналған лизинг бағдарламасын қайта іске қосу жоспарланғанын қосты. Сол себепті Қазақстанда жаңа автокөлік сатып алу бұрынғыдан да оңайырақ болуы тиіс.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы шілденің қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңа және қолданыстағы жеңіл автокөліктер бір жыл ішінде тиісінше 12,2%-ға және 7%-ға арзандады. Тек 2026 жылдың шілде айында жаңа жеңіл көліктер маусыммен салыстырғанда орта есеппен 1%-ға арзандаған. Бұл сегменттегі бағаның төмендеуі қатарынан 10 ай бойы жалғасып келеді. Ал жүрілген жеңіл көліктерге келсек, 2026 жылдың шілдесінде олардың құны маусым айымен салыстырғанда орташа есеппен 3,8%-ға төмендеді. Бұл – 2016 жылдың қаңтарынан бергі ең үлкен айлық баға төмендеуі. Айта кетейік, дәл осындай көрсеткіш 2024 жылдың маусымында да тіркелген болатын.