
Заманауи автомобильдер көлік жүргізу процесінің өзінен ләззат алатын адамдардың қажеттіліктеріне барған сайын аз бейімделіп келеді. Өндірушілер бағаны төмендетуге, сондай-ақ жаңа технологиялар мен түрлі функцияларды енгізуге көбірек көңіл бөлуде. Бұл туралы Kia Australia компаниясының жүріс сапасы мен басқарылуына жауапты бас инженері Грэм Гэмболд Carsales порталына мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі автомобильдер технологиялық тұрғыдан өте жетілген. Алайда басқаруға шынымен ыңғайлы көлікті табу қиын. Ол сондай-ақ "жайлы жүрудің негізгі аспектілері барған сайын ескерусіз қалып бара жатқанын" атап өтті.
"Мәселе бұл өнердің жойылып бара жатқанында емес. Мен өзіме, менімен бір демографиялық топқа жататын адамдарға, автоспортқа қызығатындарға және көзқарасымыз ортақ жандарға қараймын. Қазір біз бұған қатты наразыvыз, өйткені өндірушілер бізге мүлдем көңіл бөлмейді. Басқаруға ыңғайлы автомобиль табу өте қиын. Барлық қажетті функциялары бар, бірақ маған қажет емес қауіпсіздік жүйелері орнатылмаған көлікті табу да оңай емес", – деді Грэм Гэмболд.
Оның атап өтуінше, Kia Australia компаниясы автомобильдерді басқару сипаттамаларын Австралия жолдарына бейімдеу технологияларын әзірлеуге қомақты қаражат инвестициялап келеді. Ал басқа автоөндірушілер шетелде әзірленген аспа жүйелерінің баптауларын пайдалануда.
Бұған дейін BMW компаниясы 2027 жылы таныстырылатын M3 ZA0 электрлі седанын әзірлеп жатқаны белгілі болды. Күтілгендей, автомобиль қуатты бензин қозғалтқыштарының дыбысын имитациялай алатын "жаңа дыбыс жүйесімен" жабдықталады.