29.10.2026 13:32

Skoda Auto Қазақстанда жоспарлы сервистік кері шақыру науқанын бастады

Кері шақыру науқаны – автомобиль саласындағы стандартты тәжірибе.

AutoReport редакциясы
Skoda Auto Қазақстанда жоспарлы сервистік кері шақыру науқанын бастады
Фото: Skoda

Қазақстандағы Skoda брендінің ресми дистрибьюторы кері шақыру науқанының басталғанын хабарлады. Бағдарламаға 2013 жылдан бастап шығарылған автомобильдердің барлық модельдік қатары қатысады. Бұл науқан VAG концерні брендтерінің ресми өкілдіктері бар барлық елде басталды.

Кері шақыру науқаны – автомобильдерді қосымша тексеруге және жоғары сапа стандарттарын сақтауға бағытталған автомобиль саласындағы стандартты тәжірибе. Қазақстандағы Skoda автокөліктерінің иелеріне өз көлігінің науқанға қатысатынын тексеріп, қажет болған жағдайда ресми сервистік орталыққа жүгіну ұсынылады.

Кері шақыру науқанының жариялануы автомобильдің ақаулы екенін немесе қауіп төндіретінін білдірмейді. Мұндай іс-шаралар өндірушінің сапаны бақылау жүйесі аясында өткізіледі. Олар белгілі бір компоненттерді уақтылы тексеруге, ал қажет болған жағдайда өндіруші қарастырған жұмыстарды орындауға мүмкіндік береді.

Кері шақыру науқандары – автомобиль брендтерінің өнім қауіпсіздігі мен сенімділігін пайдалану мерзімі бойы қамтамасыз етуге бағытталған жауапты ұстанымының бір бөлігі.

Автокөлік иесі не істеуі керек?

Ең алдымен, науқанның нақты автомобильге қатысы бар-жоғын тексеру қажет. Ол үшін Skoda Qazaqstan ресми парақшасын пайдаланып, онда көрсетілген нұсқауларға сәйкес тексеруден өту керек:

  • Сауалнамада қалаңызды немесе тізімнен Skoda ресми сервистік орталығы орналасқан ең жақын елді мекенді көрсету қажет;
  • Одан кейін жеке деректеріңізді – аты-жөніңізді, телефон нөміріңізді және электрондық пошта мекенжайыңызды толтыру керек. Бұл сервистік орталық қызметкерлеріне тексеру нәтижелері туралы сізге хабарлауға мүмкіндік береді;
  • Келесі қадамда автомобильдің алдыңғы әйнегінде көрсетілген VIN-кодты енгізу қажет;
  • "Өтінім жіберу" батырмасын басу керек. Өтінімді өңдеу мерзімі үш жұмыс күнінен аспайды. Тексеруден кейін менеджер пайдаланушымен байланысып, автомобильдің кері шақыру науқанына қатысатынын немесе қатыспайтынын хабарлайды;
  • Егер автомобиль осы бағдарламаға қатысатын болса, 9898 нөмірі арқылы жақын маңдағы сервистік орталыққа хабарласып, қажетті жұмыстарға өзіңізге ыңғайлы уақытқа жазылу қажет.

Аталған науқан аясындағы жұмыстар тегін жүргізіледі.

Алаңдауға негіз жоқ

Skoda компаниясының мәлімдеуінше, кері шақыру науқандары – автомобиль саласындағы қалыпты тәжірибе әрі компанияның сапаны бақылау жүйесінің бір бөлігі. Олар белгілі бір компоненттерді қосымша тексеруге және қажет болған жағдайда өндіруші талаптарына сәйкес профилактикалық жұмыстарды орындауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ дистрибьютор автомобильдерде ешқандай күрделі мәселе жоқ екенін атап өтті.

"Біз автокөлік иелеріне өз көліктерін тексеріп, егер олар науқан талаптарына сәйкес келсе, ресми дилерге жүгінуге кеңес береміз. Бұл – қажетті шаралардың орындалғанына және автомобильдің өндіруші талаптарына сай екеніне көз жеткізудің қарапайым жолы", – деді Skoda дистрибуциясының сатудан кейінгі қызмет көрсету департаментінің директоры Анатолий Смирнов.

Сондай-ақ маман Қазақстандағы Skoda ресми дилерлерінен сатып алынған барлық автомобильге жүріс шектеуінсіз екі жылдық кепілдік және үшінші жылға 100 мың шақырымға дейінгі кепілдік берілетінін еске салды. Бояу жабынына берілетін кепілдік мерзімі – үш жыл, ал тот басудан қорғау кепілдігі – 12 жыл.

Кері шақыру науқанын өткізу – өндірушінің өз өнімінің сапасына жауапкершілікпен қарайтынының көрсеткіші. Skoda сияқты еуропалық автомобиль брендтері үшін сапаны бақылау көлікті сату сәтімен аяқталмайды. Өндіруші өз модельдерінің пайдаланылуын қадағалауды жалғастырып, қажет болған жағдайда қосымша тексерулерді бастайды. Мұндай тәсілдің негізінде қауіпсіздік, сенімділік және клиенттердің ұзақ мерзімді сенімі жатқан еуропалық автомобиль өнеркәсібінің стандарттары көрініс табады. Автокөлік иесі үшін бұл брендтің жауапкершілікті өз мойнына алуға және ықтимал мәселе пайдалану барысында анықталғанын күтпей, алдын алу шараларын қабылдауға дайын екенін білдіреді.

Сондай-ақ еуропалық брендтің дистрибьюторы модельдердің барлық қатарына арналған арнайы ұсыныстардың қолданыста екенін еске салады. Қазақстандағы Skoda-ның барлық ресми дилерлік орталығында "Адал еуропалық" ұсынысы бар. Оның аясында Kodiaq моделінің Selection жиынтығының бағасы 16 990 000 теңгені, ал SportLine жиынтығының бағасы 18 690 000 теңгені құрайды.

Бұл бағдарламаға 1.4 TSI қозғалтқышымен жабдықталған әйгілі Octavia моделі де қатысады. Selection және SportLine жиынтықтарындағы лифтбэктің бағасы 12 990 000 теңгені құрайды.

Octavia моделінің екі литрлік нұсқалары мен қалалық Skoda Karoq кроссоверін "Еуропадағыдай пайыз" бағдарламасы бойынша жылдық 0,1% мөлшерлемемен, үш жыл мерзімге сатып алуға болады.

Еуропалық брендтің флагманы – Skoda Superb моделін де үш миллион теңге жеңілдікпен сатып алуға болады.