03.11.2026 12:19

Қазақстан Қырғызстанға коммерциялық техника жеткізеді

Жеткізілім көлемі әзірге нақтыланған жоқ.

AutoReport редакциясы
Қазақстан Қырғызстанға коммерциялық техника жеткізеді
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстан Қырғызстанға отандық өндірістен шыққан коммерциялық техника жеткізуді бастайды. Тиісті келісімге екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың екінші форумы аясында қол қойылды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жеткізілімнің мерзімі мен көлемі әзірге нақтыланған жоқ.

"Қазақстандық Hyundai Trans Auto компаниясы мен қырғызстандық "Траст Технолоджис" автомобиль, арнайы және коммерциялық техника жеткізу, сондай-ақ сервистік қызмет көрсетуді дамыту саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды", – делінген Сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында.

Сондай-ақ Қырғызстан нарығына нақты қандай көлік құралдары жеткізілетіні әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Hyundai Trans Auto (Hyundai Trans Almaty) зауыты Hyundai брендінің жеңіл коммерциялық техникасын, сондай-ақ Golden Dragon, BYD автобустары мен GWM пикаптарын шығарады.

Бұған дейін Hyundai Trans Almaty зауыты мен "Эр Си Эм" ЖШҚ (Беларусь) компаниясы Беларуське коммерциялық техника жеткізу бойынша 30 млн доллар сомасына келісім жасасқан болатын. Қазақстандық автокөлік өндірушілерінің Беларусь нарығындағы расталған жиынтық экспорттық әлеуеті жылына 4 500 техника бірлігіне дейін бағаланады.