
Mercedes-Benz компаниясы электрлі E-Class моделін 2027 жылы таныстырады. Сол жылы ІЖҚ-мен жабдықталған жаңартылған нұсқасының да тұсаукесері өтеді. Бұл туралы компанияның бас директоры Ола Каллениус мәлімдеді.
Екі автомобиль де бір атаумен ұсынылады. Шамасы, олардың дизайны да көп жағынан бірдей болады. Алайда Ола Каллениус электрлі нұсқаның электромобильдерге арналған арнайы платформа негізінде жасалатынын нақтылады.
Оның айтуынша, электрлі модельді әзірлеу жұмыстары үш жыл бұрын басталған. Қазіргі уақытта прототип қажетті қорытынды сынақтардан өтіп жатыр.
Автомобильдің техникалық сипаттамалары әзірге жарияланған жоқ. Электрлі модельдің жаһандық нұсқасы Қытай нарығына арналған нұсқадан біршама ерекшеленуі мүмкін. Себебі Қытайға арналған автомобильдер жергілікті зауыттарда, жергілікті компоненттерді пайдалану арқылы шығарылады.
2026 жылдың қыркүйегінде Mercedes-Benz G580 моделі Қазақстанда көлік құралының типін мақұлдау құжатын алды. Елде сатылымға барлығы 149 дана ұсынылады. Шамасы, дистрибьютор электрлі жол талғамайтын көліктің екі нұсқасын таңдауға мүмкіндік береді.