
Omoda бренді алғаш рет жолсыз жерлерге арналған X кроссоверін көрсетті. Автомобиль болашақта Қазақстанда сатылымға шығып, тіпті отандық зауыттардың бірінде жасалынады деп күтілуде.
Автомобильдің техникалық сипаттамалары әзірге жарияланған жоқ. Автомобильдің ұзындығы – 4 600 миллиметр, ені – 1 920 миллиметр, биіктігі – 1 702 миллиметр, доңғалақ базасы – 2 700 миллиметр, клиренсі – 200 миллиметр. Еңсеруге болатын су кедергісінің максималды тереңдігі – 700 миллиметр.
Автомобиль Super Intelligent AI Space жүйесімен жабдықталған. Omoda компаниясының мәлімдеуінше, бұл жүйе адамдар мен көлік құралдары арасындағы өзара әрекеттесуді табиғи етеді. Оның көмегімен пайдаланушыны жақсырақ түсіну үшін кодтық сөздерді немесе күрделі командаларды қолданбай-ақ қарым-қатынас жасауға болады.
"X-MODE эксклюзивті дербестендірілген жүргізу режимі автомобильдің параметрлері мен оның әрекетін жүргізушінің қалауына қарай бейімдейді, осылайша әркім өзіне тән жүргізу мәнерін таба алады. Инфрақызыл тепловизиялық түнгі көру жүйесі 90 метрге дейінгі қашықтықтағы ықтимал қауіптерді анықтауға көмектесіп, қараңғы уақытта көлік жүргізу кезінде айналадағы жағдайды жақсырақ бақылауға мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді Omoda компаниясы.
Салонда диагоналі 10,25 дюйм болатын цифрлық аспаптар панелі және 13,2 дюймдік орталық сенсорлық экран орнатылған. Сондай-ақ кондиционер мен жүргізу режимдерін басқаруға арналған физикалық батырмалар бар.
Қызықты жаңалықтардың бірі ретінде Omoda X модельдерінде караоке функциясының пайда болғанын атап өтуге болады. Автомобиль төрт тәуелсіз дыбыс қабылдау аймағын пайдаланатын Open Mic жүйесімен жабдықталған. Оның көмегімен микрофонсыз ән айтуға болады.
Сондай-ақ Omoda X кроссоверлері Қазақстанда сатылымға шығатыны, ал олардың өндірісі отандық зауыттардың бірінде локализацияланатыны белгілі болды. Бұл туралы AutoReport редакциясына Қазақстандағы Omoda & Jaecoo дистрибуциясының директоры Александр Абрамов мәлімдеді.
"Бұл жаңа модельді 2028 жылы өндіріске енгізіп, сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз", – деді Александр Абрамов.
Бұған дейін Astana Motors компаниясы Қазақстанда жаңа Omoda C5 Plus моделінің бағаларын жариялаған болатын. Отандық нарықта автомобиль Comfort және Premium атты екі комплектацияда қолжетімді болады.