20.10.2026 14:49

Қазақстанда ескі көліктерді кәдеге жарату әлі басталған жоқ, бірақ ережелері бекітілді

Ескі көліктерді кәдеге жаратуға тапсырғаны үшін берілетін жеңілдік сертификаттарының мөлшері белгілі болды.

AutoReport редакциясы
Қазақстанда ескі көліктерді кәдеге жарату әлі басталған жоқ, бірақ ережелері бекітілді
Фото: Pixabay

2026 жылғы 25 қазаннан бастап Қазақстанда көлік құралдарын кәдеге жарату ережелерін, сондай-ақ жеңілдік сертификаттарын беру және пайдалану тәртібін айқындайтын Экология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығы күшіне енеді. Алайда көліктерді кәдеге жаратуға қабылдау осы күннен басталмайды, кейінірек іске қосылады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінде қазіргі уақытта "Жасыл даму" АҚ пайдаланудан шыққан көлік құралдарын қабылдау және кейіннен кәдеге жаратуды қамтамасыз ететін қайта өңдеушілерді іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын түсіндірді. Қажетті рәсімдер аяқталып, тиісті келісімшарттар жасалғаннан кейін бағдарламаның іске қосылу мерзімдері, қатысу шарттары және қабылдау пункттерінің мекенжайлары туралы ақпарат министрліктің және "Жасыл даму" АҚ-ның ресми ақпараттық ресурстарында қосымша жарияланады.

Бұйрықтың өзі 2026 жылғы 25 қазаннан бастап күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, ескі көліктерін кәдеге жаратуға тапсырған азаматтарға Қазақстанда шығарылған жаңа автокөлікті сатып алу кезінде пайдалануға болатын жеңілдік сертификаттары беріледі. Сертификаттардың мөлшері де белгіленген:

  • жеңіл автомобильдер – 315 мың теңге;
  • шағын автобустар – 550 мың теңге;
  • коммерциялық техника – 550 мың теңге;
  • автобустар – 750 мың теңге;
  • жүк автомобильдері – 750 мың теңге.

Айта кетейік, бір көлік құралы үшін тек бір сертификат беріледі. Сонымен қатар жеңілдікпен көлік сатып алу кезінде екі сертификатқа дейін пайдалануға болады. Ал ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған кезде сертификаттар саны төртке дейін жетеді.

Әр сертификаттың бірегей реттік нөмірі мен QR-коды болады. Бұған қоса, азаматтар кәдеге жаратуға қандай көлік тапсырғанына қарамастан, кез келген көлік құралын сатып ала алады.

Еске салайық, 2022–2025 жылдар аралығында "Жасыл даму" АҚ бюджетке 174,7 млрд теңге аударды. Бұл "Оператор РОП" компаниясының бүкіл қызмет ету кезеңінде, яғни алты жылда аударған қаражатынан үш есе көп. 174,7 млрд теңгенің 128,9 млрд теңгесі салық ретінде, ал 45,8 млрд теңгесі дивиденд ретінде төленді.