
BYD компаниясы үшінші буындағы Tang кроссоверінің фотосуреттерін ресми түрде таныстырды. Автокөлік 2026 жылдың соңына дейін сатылымға шығады.
Техникалық сипаттамалары әзірге жарияланған жоқ. Қазір BYD көліктің салоны туралы ақпаратпен ғана бөлісті. Компанияның мәліметінше, екінші қатардағы жолаушыларға арналған аяқ кеңістігі бір метрге дейін жетеді, ал екінші қатардағы орындықтардың арқалығын 130 градусқа дейін шалқайтуға болады. Бұл ұшақтағы бизнес-класс орындықтарымен салыстырғанда 10 градусқа артық.

Сонымен қатар салонда дәстүрлі аспаптар панелінің орнына 34,5 дюймдік мультимедиа экраны мен 30 дюймдік панорамалық экран орнатылған. Олардың барлығы экранда үй жануары түрінде бейнеленетін жасанды интеллект жүйесімен жұмыс істейді. Ол дауыстық командаларға жауап беріп, қонақтарды қарсы алады.

Үшінші буындағы BYD Tang алдыңғы жүксалғышпен және екінші қатардағы орындықтардың астында орналасқан жылжымалы жәшіктермен жабдықталған. Сондай-ақ артқы орындықтарды толығымен бүктеуге болады.

Жаңа кроссовердің бағасы әзірге белгісіз. Бейресми ақпарат бойынша, артқы жетекті нұсқасының құны 225 мыңнан 240 мың юаньға дейін (15,3 млн-нан 16,3 млн теңгеге дейін) болады.
Еске салайық, BYD компаниясының бірнеше моделі әлемдегі ең көп сатылатын электромобильдер тізіміне енді. Олардың қатарында BYD Song, BYD Yuan Up, BYD Seagull және BYD Dolphin бар.