
Astana Motors Қазақстандағы жаңа Omoda C5 Plus бағасын жариялады. Отандық нарықта автокөлік екі жинақтамада – Comfort және Premium нұсқаларында қолжетімді болады.
Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа C5 Plus Omoda брендіне тән танымал стильді сақтап қалған, сонымен бірге күнделікті сапарлардағы технологиялар мен жайлылыққа басымдық берілген жаңартылған жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Екі жинақтама да қуаты 147 ат күшін және айналу моменті 210 ньютон-метрді құрайтын 1,5 литрлік бензинді турбоқозғалтқышпен жабдықталған. Қозғалтқыш ылғалды қос ілінісі бар алты сатылы роботталған беріліс қорабымен жұмыс істейді. Жетек түрі – алдыңғы. Автокөлік АИ-92 және одан жоғары маркалы бензинге арналған.
Жаңаланған Omoda C5 Plus көлемі жағынан үлкейіп, SUB-B класынан SUV-C класына өтті. Кроссовердің ұзындығы енді 4,5 метрді, дөңгелек базасы 2,6 метрді құрайды. Жүксалғыш көлемі – 442 литр, ал артқы орындықтары жиналғанда – 1 149 литр.
Базалық жинақтамада диагоналі 8,88 дюймдік цифрлық аспаптар панелі мен 15,6 дюймдік мультимедиа экраны орнатылған. Apple CarPlay және Android Auto жүйелері бар. Мультимедиа интерфейсі мен дауыстық басқару орыс және қазақ тілдерінде қолжетімді. Сондай-ақ жабдықтар қатарына кілтсіз ашу, қозғалтқышты қашықтан іске қосу, Auto Hold функциясы бар электрлік тұрақ тежеуіші және алты бағытта электрмен реттелетін жүргізуші орындығы кіреді.
Қысқы кезеңде пайдалану үшін рульді, алдыңғы орындықтарды, алдыңғы және артқы әйнектерді, әйнекжуғыш бүріккіштерін және сыртқы айналарды жылыту жүйелері қарастырылған. Қауіпсіздікке төрт қауіпсіздік жастығы, артқы көрініс камерасы және төрт артқы парктроник жауап береді. Аудиожүйе алты динамиктен тұрады.
Өз кезегінде Premium нұсқасы қауіпсіздік жүйелері мен жайлылық опцияларының кеңейтілген жиынтығымен, соның ішінде 540 градустық айнала шолу жүйесімен, алты қауіпсіздік жастығымен және алдыңғы парктрониктермен ерекшеленеді. Салонда екі аймақты климат-бақылау, алдыңғы орындықтарды желдету, артқы орындықтарды жылыту, жүргізуші орындығының массажы және бел тіреуішін электрмен реттеу қарастырылған. Сонымен қатар электрлік люк, жүксалғыш есігінің электр жетегі, қуаты 50 ватт болатын сымсыз қуаттау және атмосфералық жарықтандыру бар.
Сондай-ақ Premium нұсқасына 19 электрондық ассистент, соның ішінде адаптивті круиз-бақылау, автоматты түрде шұғыл тежеу, соқыр аймақтарды бақылау, жолақ ауыстыруға көмектесу және автокөлікті жолақта ұстап тұру жүйелері кіреді. Екі жинақтама да жарықдиодты оптика, рейлингтер, артқы спойлер және қозғалтқыш қорғанышын алған. Comfort нұсқасы 17 дюймдік, ал Premium нұсқасы 18 дюймдік дөңгелектермен жабдықталады.
Omoda C5 Plus құны Comfort жинақтамасында 9 690 000 теңгені, Premium жинақтамасында 10 490 000 теңгені құрайды. Сонымен қатар Premium нұсқасы үшін 200 мың теңге қосымша төлеммен екі түсті шанақ қолжетімді.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың маусым айында Қазақстанда Omoda және Jaecoo автокөліктерін өндіру бастау алған болатын. Өндірісі оқшауландырылған алғашқы модельдер Jaecoo J7 және Jaecoo J5 болды.