19.10.2026 16:51

Қазақстанда Denza B8 көлігінің сатылымы басталды

Автокөліктің бағасы 34,99 млн теңгеден басталады.

AutoReport редакциясы
Қазақстанда Denza B8 көлігінің сатылымы басталды
Фото: Astana Motors

Astana Motors премиум санатындағы Denza B8 гибридті жол талғамайтын көлігінің сатылымы басталғанын хабарлады. Қазақстанда автокөлік Flagship 7 Seat және Flagship 6 Seat атты екі жинақтамада қолжетімді. Олардың бағасы тиісінше 34,99 млн және 35,99 млн теңгені құрайды.

Denza B8 екі литрлік турбокомпрессорлы бензин қозғалтқышы мен екі электр қозғалтқышын біріктіретін DMO (Dual Mode Off-road) фирмалық гибридті платформасына негізделген. Толық жетек жүйесі көлікті сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 4,8 секундта үдетуге мүмкіндік береді. Электр қуатымен жүріс қоры 115 шақырымға дейін, ал NEDC циклі бойынша аралас жүріс қоры 1 040 шақырымға дейін жетеді. Сыйымдылығы 36,8 киловатт-сағат аккумулятор тұрақты тоқпен жылдам зарядтауды қолдайды. Аккумуляторды зарядтау шамамен 16 минутты алады.

"Модель күнделікті пайдалануға, алыс сапарларға және саяхатқа арналған кең көлік қажет ететін сатып алушыларға бағытталған. Рамалы шанақ құрылымы, толық жетек және гибридті күштік қондырғы қалалық жолдарда да, күрделі жолсыз жерлерде де сенімді қозғалуға мүмкіндік береді", – делінген Astana Motors хабарламасында.

Сондай-ақ автокөлік жол жағдайларына байланысты аспаның биіктігі мен демпфирлеу сипаттамаларын реттейтін DiSus-P интеллектуалды гидравликалық шанақты басқару жүйесімен жабдықталған. Алдыңғы және артқы аспа жүйелері асфальт жолда да, ойлы-қырлы жерлерде де тұрақтылық пен жайлылықты қамтамасыз етеді. Жабдықтар қатарын шектеулі кеңістікте маневр жасау мүмкіндігін арттыру үшін алдыңғы және артқы электр қозғалтқыштарының жұмысын үйлестіретін Intelligent U-Turn функциясы толықтырады.

Жол талғамайтын көлік алты және жеті орындық екі түрлі салон нұсқасында ұсынылады. Шанақтың бес түсі бар: Tundra Green, Moonlight Silver, Golden Dawn, Shadow Black және Snow White. Сондай-ақ салонды әрлеудің Deep Black және Wheat Yellow атты екі нұсқасы қолжетімді.

Astana Motors компаниясы Denza B8 моделінің жергілікті нарыққа бейімделгенін де атап өтті. Оның ішінде мультимедиялық жүйе мен қазақ және орыс тілдеріндегі дауыстық басқару, Denza фирмалық мобильді қосымшасын қолдау және өндірушінің ресми кепілдігі қарастырылған.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың ақпанында Denza бренді Еуропа нарығына шығатынын жариялаған болатын. Ал 2025 жылдың қаңтарында Индонезияда сатылымның жақын арада басталатыны белгілі болды. Екі нарықта да сөз Denza D9 минивэндері туралы болып отыр.