Қазақстанда 2021 жылдан бері жаңа және қолданыста болған жеңіл автокөліктердің бағасы қалай өзгерді

2025 жылы жаңа автокөліктер бағасының сәл өскені байқалады.

AutoReport редакциясы
Қазақстанда 2021 жылдан бері жаңа және қолданыста болған жеңіл автокөліктердің бағасы қалай өзгерді
Фото: Pixabay

2025 жылы Қазақстанда жаңа импорттық жеңіл автокөліктер орта есеппен 7,3%-ға қымбаттады, отандық өндірістегі машиналардың бағасы 1,9%-ға өсті, ал қолданыста болған автокөліктер 1,3%-ға арзандады делінген Қазақстанның 2025 жылғы қаржылық тұрақтылығы туралы есебінде. Сонымен бірге Ұлттық банкте соңғы бірнеше жылдағы жеңіл автокөліктер бағасының динамикасы мен елдегі автокредиттеудің орташа көлемі туралы айтып берді.

2021 жылдың ортасына дейін Қазақстанда жеңіл автокөліктер бағасының өсу қарқыны салыстырмалы түрде тұрақты болып келді, одан кейін жеңіл автокөліктердің әртүрлі түрлері үшін әртүрлі бағыттағы динамика байқалды.

Жеңіл автокөліктердің баға индексін үш бағыт бойынша талдауға болады – жаңа импорттық автокөліктер, отандық өндірістегі жаңа автокөліктер және қолданыста болған машиналар. Отандық құрастырылымдағы жаңа автокөліктер бағасының өсу қарқыны негізінен инфляциядан озып отырды. Жекелеген айларда бағаның өсуі 2022 жылы 30,9%-ға, 2024 жылы 35,3%-ға және 2025 жылы 30%-ға жетті. 2025 жылдың екінші жартысында отандық құрастырылымдағы жаңа автокөліктер бағасының өсу қарқынының айтарлықтай төмендеуі байқалды.

Жаңа жеңіл импорттық автокөліктер бағасының өсу қарқыны 2022 жылғы шырқау шегінен (22,2%) кейін біртіндеп төмендеп, 2024 жылдың сәуірінде ең төменгі нүктеге (-6,7%) жетті. Жаңа импорттық автокөліктер бағасының өсу қарқыны 2024 жылдың желтоқсанына дейін теріс болып қалды, одан кейін күрт өсім байқалып, 2025 жылдың мамырында шырқау шегіне (19,1%) жетті. Бұл тренд нарықты заңдастыру бойынша қабылданған фискалдық-әкімшілік шаралармен байланысты болуы ықтимал.

"Отандық құрастырылымдағы жеңіл автокөліктер сияқты, жаңа импорттық автокөліктер бағасының өсу қарқыны да 2025 жылдың екінші жартысында төмендеуді көрсетті. Жыл соңында импорттық және отандық құрастырылымдағы жеңіл автокөліктер бағасының өсу қарқыны тиісінше 7,3% және 1,9%-ды құрады", – делінген Ұлттық банктің есебінде.

Қолданыста болған автокөліктер бағасының өсу қарқыны 2022 жылы төмендеп, 2023 жылы теріс мәндерге жетті, одан кейін талданатын бүкіл аралықта негізінен теріс күйінде қалды. Мұндай баға динамикасы жаңа автокөліктер нарығындағы ұсыныстардың кеңеюін де, сондай-ақ сатып алушылар таңдауының жаңа автокөліктерге қарай ойысқанын білдіреді. 2025 жылдың соңында қолданыста болған жеңіл автокөліктер бағасының өсу қарқыны -1,3%-ды құрады.

Автокредиттеу

Автокредиттеу нарығы қарқынды өсім көрсетуде. Егер автокөлікке кредит беру 2023 жылы 1,4 трлн теңгені құраса, 2024 жылы берілген автокредиттер көлемі 1,8 трлн теңгеге жетті. 2025 жылы автокредит беру шамамен 2,4 трлн теңгені құрады, бұл осы кезеңдегі ипотека беру көлемімен салыстыруға келеді. Берілген кредиттер құрылымында мерзімі бес жылдан асатын заемдар басым – мұндай заемдардың үлесі талданатын бүкіл кезеңдегі жылдық көлемнің 60%-ынан асады.

Автокредиттерді берудің белсенді өсуі портфельдің өсуіне де әсер етті. Мәселен, 2023-2025 жылдары автокредиттер портфелі екі еседен астам өсіп, төрт трлн теңгеден сәл асатын көлемге жетті. Берілу көлемдеріндегідей, портфель құрылымы негізінен мерзімі бес жылдан асатын кредиттерден тұрады – 2026 жылдың басында олардың үлесіне бүкіл портфельдің 73,1%-ы тиесілі болды. Мерзімі үш жылдан аз және үш жылдан бес жылға дейінгі автокредиттердің үлесі тиісінше 4,2% және 22,7%-ды құрады.

2023 жылдың бірінші жартысында кредитпен алынатын автокөліктің орташа құнының өсуі байқалды, бұл өлшенген орташа мөлшерлемелердің төмендеуімен қатар жүрді. 2023 жылдың шілдесінде кредитпен алынатын автокөлік құны 10,2 млн теңгеге жетті, ал өлшенген орташа мөлшерлемелер 23,4%-ға дейін төмендеді. Одан кейін, 2024 жылдың III тоқсанына дейін мөлшерлемелер мен кредит құнының бір бағыттағы қозғалысы байқалды. 2024 жылдың қыркүйегінде кредитпен алынатын автокөлік құны 8,6 млн теңгені құрады, бұл ретте өлшенген орташа мөлшерлеме 22% болды.

2024 жылдың қазанынан 2025 жылдың ортасына дейін мөлшерлемелер қарқынды түрде төмендеді, мұнымен бірге автокөліктің орташа кредиттік құны артты. Бұл тренд автоорталықтардың серіктестік бағдарламаларды енгізуімен түсіндіріледі, мұнда жеңілдетілген кредиттік шарттарды ұсыну автокөліктің кредиттік құнының артуымен қатар жүрді. 2025 жылдың екінші жартысынан бастап автокөліктің орташа кредиттік құнының төмендеуі байқалды, ол автокредит бойынша мөлшерлемелердің өсуімен қатар жүрді.

"Жалпы алғанда, 2025 жылы кредитпен алынатын автокөліктің орташа құны мен автокредит бойынша орташа мөлшерлеме тиісінше 10,3 млн теңгені және 18,1%-ды құрады", – делінген Ұлттық банктің есебінде.

Автокредиттерді беру саны мен көлемін талдау кредит берудің де, автокредиттер санының да жыл сайынғы өсімін көрсетеді. 2023 жылы 178 мың, ал 2024 жылы 245 мың автокредит берілді. 2025 жылы автокөлік сатып алуға арналған кредиттер саны 298 мыңға жетті.

2023 жылы ең көп заем саны құны бес млн-нан 7,5 млн теңгеге дейінгі автокөліктерге тиесілі болғаны көңіл аудартады – 49,6 мың. Дегенмен, 2024-2025 жылдары автокредиттер құрылымында құны 7,5 млн-нан 10 млн теңгеге дейінгі автокөліктерге арналған заемдар басым болды. Жалпы, осы санаттағы автокредиттер саны 2024 жылы 70 мыңды және 2025 жылы 63 мыңды құрады. Бұл тенденция автокөліктер құнының өсуі, кредиттеу шарттарының жұмсаруы және сатып алушылар таңдауының қымбатырақ көлік құралдарына қарай ойысуы сияқты факторларға байланысты болуы мүмкін. Мұны құны 15 млн теңгеден асатын автокөліктерге берілген кредиттер санының өсуі де дәлелдейді. 2025 жылы бұл санатта рекордтық 50,7 мың автокредит берілді – бұл алдыңғы екі жылдағы осы санаттағы кредиттердің жалпы санынан көп.

2023 жылы ең көп беру көлемі құны бес млн-нан 10 млн теңгеге дейінгі автокөліктерге тиесілі болды. Дегенмен, 2023 жылдан бастап құны 10 млн теңгеден асатын автокөліктерге беру көлемінің артуы байқалды. Құны 10 млн-нан асатын автокөліктерге берілген кредиттер көлемі 2023 жылы 700 млрд теңгені құраса, 2024 жылы 900 млрд теңгеге дейін өсті, ал 2025 жылы 1,4 трлн теңгеге жетті, бұл тиісті жылдағы жалпы беру көлемінің шамамен бес бестен үш бөлігін құрайды.

Берудің басым бөлігі құны 15 млн теңгеден асатын автокөліктерге тиесілі екені көңіл аудартады – осы баға санатында берілген автокредиттердің жалпы көлемі өткен жылғы көлеммен салыстырғанда 157%-ға ұлғайып, 627 млрд теңгеге жетті. Осы баға сегментінде автокредиттерді берудің де, олардың көлемінің де мұндай күрт өсуі автокредиттер портфелі үшін қосымша тәуекелдер тудыруы мүмкін.