
Hyundai Trans Almaty зауыты мен "Эр Си Эм" ЖШҚ компаниясы (Беларусь) Беларуське коммерциялық техника жеткізуге 30 млн доллар сомасына келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, Беларусь нарығындағы қазақстандық автоөндірушілердің расталған экспорттық әлеуеті жылына 4 500 бірлік техникаға дейін бағаланады.
Айта кетейік, Hyundai Trans Almaty зауытында Hyundai коммерциялық техникасы, сондай-ақ Golden Dragon және BYD автобустары шығарылады. 2025 жылы кәсіпорын 754 бірлік техника шығарды.
Сондай-ақ Беларуське 300 мың доллар сомасына жүк көліктерін жеткізу жоспарлануда.
"Қазірдің өзінде экспорттаушылар пулы қалыптастырылып, жылына 20 жүк көлігіне дейін тауар жеткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр", – делінген Сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында.
Еске сала кетейік, 2025 жылы Қазақстан 1 953 бірлік көлік құралын экспорттады. Бұл 2024 жылғымен салыстырғанда 4,2%-ға аз. Сондай-ақ елден 620 трактор және 4 901 мопед пен мотоцикл шығарылды.