01.09.2026 16:55

Жаңа Skoda автокөлікті басқаруға арналған үнді ақцентін тани алады

Skoda Үндістанда жаңартылған Slavia седанын таныстырды.

AutoReport редакциясы
Жаңа Skoda автокөлікті басқаруға арналған үнді ақцентін тани алады
Фото: Skoda

Skoda Үндістан автонарығы үшін жаңартылған Slavia седанын таныстырды. Жаңашылдықтардың бірі – ағылшын тілінде үнді ақцентімен сөйлегенді тани алатын AI Companion жүйесінің пайда болуы, деп жазады Motor1 порталы.

Жаңа Skoda Slavia-ның үздік топ-комплектациясы 1,5 литрлік турбомотормен, жеті сатылы DSG автоматты беріліс қорабымен және артқы дискілі тежегіштермен жабдықталған. Сонымен қатар жаңа сегіз сатылы гидротрансформаторлы автоматты беріліс қорабы бар бір литрлік турбомотор пайда болды. Skoda өкілдері бұл өз сегментіндегі алғашқы комбинация екенін мәлімдеп отыр.

Салон ішінде 10,3 дюймдік цифрлық аспаптар панелі сымсыз Android Auto мен Apple CarPlay жүйелерін қолдайтын 10,1 дюймдік ақпараттық-ойын-сауық жүйесімен үйлеседі.

Басты жаңалық – Google Cloud компаниясының Automotive AI Agent негізінде жасалған AI Companion. Жасанды интелект музыканы, телефон қоңырауларын, климат-бақылау баптауларын және басқа да сервистерді дауыспен басқару кезінде ағылшын тілінің үнді ақцентін тани алады. Сонымен қатар жаңа Skoda Slavia-ның артқы орындықтарында массаж функциясы пайда болды.

Еске сала кетейік, Skoda Үндістанда "Үндістанда жасалған, Үндістан үшін" саясатын жүзеге асыруда. Жергілікті автонарықта Slavia, Kushaq және Kylaq модельдері қолжетімді. Бұл автокөліктер, сондай-ақ, Таяу Шығыс, Африка елдеріне және Вьетнамға экспортталады.

Бұған дейін Skoda Auto сату көлемінің төмендеуіне байланысты Қытай автонарығынан кету туралы шешім қабылдаған еді. Дегенмен компания қытайлық нарықтағы шығынды басқа елдердегі өсім есебінен өтейді. Бүкіл әлем бойынша Skoda сатылымы 2025 жылы 1 млн бірліктен асты. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,7%-ға артық және брендтің соңғы алты жылдағы ең үздік нәтижесі болып табылады. Өткен жылы компания алғаш рет Еуропада сату көлемі бойынша үшінші автоөндіруші атанды. Үндістандағы сұраныс рекордтық деңгейге жетті, сондай-ақ бренд Солтүстік Африка мен Түркияда да қарқын алды.