
2026 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңа және қолданыста болған жеңіл автокөліктер бір жыл ішінде тиісінше 12,2%-ға және 7%-ға арзандаған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасай отырып Data Hub telegram-арнасы жазады.
Тек 2026 жылдың шілде айында жаңа жеңіл автокөліктер маусым айымен салыстырғанда орта есеппен 1%-ға арзандады. Бұл сегментте бағаның төмендеуі қатарынан 10 ай бойы жалғасып келеді.
Ал жүрілген жеңіл автокөліктерге келетін болсақ, 2026 жылдың шілдесінде олардың құны маусым айымен салыстырғанда орта есеппен 3,8%-ға төмендеген. Бұл — 2016 жылдың қаңтарынан бергі ең үлкен айлық баға төмендеуі. Айта кетейік, дәл осындай көрсеткіш 2024 жылдың маусымында да тіркелген болатын.
Сонымен қатар, Қазақстанда қолданыста болған жеңіл көліктер соңғы тоғыз айдың жеті айында айына орта есеппен 1,4%-ға арзандап отырған.
Дегенмен, Қазақстан автомобиль одағының мәліметінше, 2025 жылы жаңа шетелдік автокөліктер мен қазақстандық өндірістегі көліктер орта есеппен 5,4%-ға қымбаттаған. Егер тек отандық зауыттардан шыққан көліктерді есепке алсақ, бағаның өсуі бары-жоғы 1,9%-ды құраған.
Ал 2026 жылдың сәуірінде Автомобиль нарығын мониторингтеу және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарян AutoReport редакциясына берген сұхбатында 2025 жылдың аяғынан бастап Қазақстандағы бірқатар брендтер рестайлингтік модельдердің, жаңа буындардың шығуы қарсаңында немесе тіпті өндірісті локализациялау алдында түрлі жеңілдіктер мен акцияларды белсенді түрде ұсынып жатқанын хабарлаған еді. Отандық нарықтағы бірқатар модельдерге бағаның төмендеуіне дәл осы жайт себеп болуы мүмкін.