15.07.2026 11:52

Volkswagen Қазақстандағы модельдер қатарын кеңейтеді

Автокөліктер Қытайдан жеткізілетін болады.

Ербол Казистаев
Volkswagen Қазақстандағы модельдер қатарын кеңейтеді
Фото: Pixabay

Volkswagen қазақстандық автонарықтағы модельдер қатарын кеңейтуде, тиісті келісімге Orbis Auto мен Volkswagen China арасында қол қойылды. Көліктер Қытайдан жеткізіледі. Сатылымның басталуы 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланған, деп хабарлайды Қазақстандағы Volkswagen автокөліктерінің ресми дистрибьюторы – Orbis Auto компаниясының баспасөз қызметі.

Енді отандық нарықта Volkswagen және оның суббренді Jetta-ның келесі модельдері ресми түрде сатылатын болады: Volkswagen Bora, Passat, Tayron және Talagon, сондай-ақ Jetta VA7, VS7 және VS8.

Orbis Auto компаниясының AutoReport редакциясына хабарлауынша, барлық автокөліктерге 3 жыл немесе 100 мың шақырым жүріске кепілдік беріледі. Бағалары мен жиынтықтамалары (комплектациялары) 2026 жылдың тамыз-қыркүйек айларында белгілі болады.

“Экспорт – Қытайдағы Volkswagen брендінің негізгі стратегиялық мақсаттарының бірі. Біздің міндетіміз – Volkswagen-нің мықты өнімдік портфелі мен брендтің технологиялық сараптамасын Қазақстандағы Volkswagen-нің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін пайдалану. Біз бұл нарықты ұзақмерзімді бағыт ретінде қарастырамыз және тек автокөлік сатылымын кеңейтіп қана қоймай, Orbis Auto-мен бірлесіп, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін бағдар болатын заманауи сату және сервистік қызмет көрсету экожүйесін қалыптастыруға ниеттіміз”, – деп мәлімдеді Volkswagen China Passenger Cars Brand бас директоры Роберт Цисек.

Автокөліктер Қытайдан жеткізіледі. Олар FAW-Volkswagen өндірістік алаңдарында шығарылады.

Volkswagen брендінің Қазақстандағы дамуы дилерлік және сервистік инфрақұрылымның кеңеюімен қатар жүреді. Orbis Auto 2030 жылға қарай Volkswagen дилерлік орталықтарының желісін 22 бірлікке дейін арттыруды, сондай-ақ Қазақстанға түпнұсқа қосалқы бөлшектердің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

“Соңғы жылдары нарықтағы модельдер қатары шектеулі болды, сондықтан қазір біз елде брендті қайта іске қосып жатырмыз. Қазақстан бірден бірнеше жаңа модельге қол жеткізеді. Біз Volkswagen-ді зауыттардан тікелей жеткізу арқылы қайтарып жатырмыз және біртіндеп дилерлік желі мен сервистік инфрақұрылымды кеңейте түсеміз”, – деді Orbis Auto бас директоры Динара Искакова.

Еске сала кетсек, бұған дейін Өзбекстанда Volkswagen автокөліктерін ірі торапты құрастыру ісі іске қосылған болатын. Брендтің жергілікті серіктесі Alyans Auto компаниясы (UzAuto-ның еншілес кәсіпорны) болды. Нақты қай модельдер екені әлі жарияланған жоқ. Дегенмен, Volkswagen седандар мен жол талғамайтын көліктердің 8 моделінің өндірісін жолға қоятыны белгілі.