
2026 жылдың соңына дейін премиум санаттағы қытайлық Zeekr бренді Қазақстан автонарығында бірден үш модельді – 8X және 9X гибридтерін, сондай-ақ 7GT электромобилін таныстырады, деп хабарлайды брендтің дистрибьюторы – Orbis Auto компаниясының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Zeekr Қазақстанда тек электромобильдермен ұсынылған. Сондықтан бренд өз қатарын кеңейтіп, нарыққа параллельді-тізбекті гибридті күштік қондырғысы бар екі автокөлікті шығаруды жоспарлап отыр.
Техникалық сипаттамалары, жабдықталуы мен бағалары әзірге ашық айтылмайды. Тек Zeekr 9X арнайы премиум гибридті модельдерге арналып жасалған SEA-S жоғары вольтты архитектурасында құрастырылғаны және SEA Super Hybrid жүйесімен жабдықталғаны белгілі. Бұл жүйе электр жетегін, іштен жану қозғалтқышын және аса жылдам зарядтау технологиясын біріктіреді.

Бүгінде Zeekr-дің Қазақстандағы ресми модельдік қатары үш толық электрлі модельді қамтиды – 001, X және 7X. Жаңа үлгілер шыққаннан кейін бренд желісі алты автокөлікке дейін кеңейеді – төрт электрлі және екі гибридті.
Дегенмен, брендтің басқа елдердегі танымалдылығына қарамастан, Қазақстанда Zeekr сату көрсеткіші әлі де төмен – 2026 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында бар болғаны 150 автокөлік сатылды. Оның жартысын Zeekr 7X (74 бірлік) құрайды.