
Geely Holding Group қытайлық холдинг құрамына кіретін брендтердің автокөліктеріне қызметтерді біріктіру бойынша Google компаниясымен келісім жасасты, деп жазады Chinadaily порталы.
Google өызметтерін орнатуға арналған алғашқы өтінімдер 2027 жылдың екінші жартысында беріледі. Серіктестік Қытай мен АҚШ-тан басқа, автокөліктер жеткізілетін барлық елді қамтиды.
Бұл серіктестік Geely Holding компаниясының цифрлық сервистерді жергілікті нарықтарға бейімдеу тәсілін көрсетеді. Өйткені әртүрлі елдерде тұтынушылардың әдеттері мен сервистік экожүйелер ерекшеленеді. Интеграция нәтижесінде автокөліктердің цифрлық аспаптар панельдеріне Google Gemini, Google Play және Google Maps сияқты Google сервистері және басқа да қызметтер енгізіледі. Бұл жасанды интеллектке негізделген дауыстық басқаруды, навигацияны, платформалар арасындағы байланысты және автомобиль салонына арналған қосымшаларды бір жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Geely Holding Group құрамына Geely, Geely Galaxy, Zeekr, Lynk&Co және басқа да автомобиль брендтері кіреді.
2025 жылдың мамырында Yandex Орталық Азия мен Ресейде сатуға арналған қытайлық автокөліктерге арналған ақпараттық-ойын-сауық платформасын таныстырды. Сервис "Алиса" дауыстық көмекшісімен жабдықталған және навигацияға, музыкаға, аудиокітаптарға, ауа райы туралы ақпаратқа және веб-парақтарды қарауға қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Кейін Ресей нарығына арналған GAC автокөліктеріне "Яндекс.Авто" платформасы орнатылғаны белгілі болды. Көлік иелеріне "Яндекс.Карты", "Яндекс.Музыка" және "Яндекс.Книги" функциялары қолжетімді болады. Қызметтер орнатылған алғашқы модель GAC GS8 кроссовері болды.
Ал 2026 жылдың маусымында Қазақстандағы GAC брендінің дистрибьюторы AutoReport редакциясына отандық нарыққа арналған автокөліктерге "Яндекс.Авто" сервисі орнатылмайтынын хабарлады.