
2026 жылдың қыркүйегінде қазақстандық кәсіпорындар 20 215 бірлік көлік құралын шығарды. Бұл өткен аймен салыстырғанда 32,4%-ға және өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 55,2%-ға көп деп хабарлайды Қазақстан автокөлік одағының баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері отандық зауыттар барлығы 146 541 бірлік көлік құралын өндірді. Бұл өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 34,2%-ға көп. Кәсіпорындар ең көп шығарған автокөліктер:
Модельдер бөлінісінде – Chevrolet Cobalt (27 659), Hyundai Tucson (10 522), Kia Sportage (7 139), Hyundai Mufasa (6 743) және Changan CS35 Max (5 296).
"Тоғыз ай қорытындысы бойынша Қазақстандағы автоөнеркәсіп жоғары даму қарқынын сақтап тұр. Сала инвестицияға қолайлы: өндірушілер Қазақстандағы орнын нығайтып, жаңа жобаларын жүзеге асырып жатыр. Олардың арасында Алматыда OMODA және JAECOO автокөліктерін өндіру жобалары және Қостанайда Li Auto автокөліктерін шығаруға дайындық бар. Күзде локализацияны дамыту бойынша көптеген келісімге қол қойылды. Технологиялық операцияларды тереңдету мен ел ішінде автокомпоненттер өндірісін кеңейту автоөнеркәсіптің Қазақстан экономикасына қосатын үлесін мығым етеді әрі арттырады", – деп мәлімдеді Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева.
Өндіріс көлемі бойынша зауыттар арасында Allur (56 130 дана техника шығарылды), Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (Changan, Chery және Haval брендтерінің 40 245 автокөлігі), Hyundai Trans Kazakhstan (27 305 автокөлік) және Kia Qazaqstan (13 782 Kia автокөлігі) көш бастады.
Еске сала кетейік, 2027 жылдың желтоқсанында Қазақстанда бесінші буындағы Hyundai Tucson кроссоверлерін өндіруді іске қосу күтілуде. Автокөліктер шанақты дәнекерлеу және сырлау арқылы шағын торапты өндіріс (CKD) әдісімен шығарылатын болады.
Бұдан бұрын 2026 жылдың қыркүйегінде Астанада "Қазақстан – Қытай"; инвестициялық форумында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен "East Motors Corporation" ЖШС арасында "Жеңіл және мамандандырылған автокөліктер өндірісі бойынша жоғары технологиялық автомобиль жасау кешенін құру" жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Жеңіл және жүк автокөліктерін, сондай-ақ мамандандырылған техниканы өндіретін тұтас кешен құрылысы жоспарлануда. Бирінші кезеңде бұл ірі торапты құрастыру болады, ал одан әрі дәнекерлеу және сырлау жасалатын шағын торапты құрастыруға өту күтілуде.