16.09.2026 15:13

Сақтандырушылар қай автобөлшектердің ең көп ауыстыруға және жөндеуге жататынын айтты

Сонымен қатар сақтандыру төлемдерінің көлемі белгілі болды.

Ербол Казистаев
Сақтандырушылар қай автобөлшектердің ең көп ауыстыруға және жөндеуге жататынын айтты
Фото: Pixabay

Freedom Insurance сақтандыру компаниясы AutoReport редакциясына Қазақстандағы сақтандыру жағдайлары шеңберінде қай автобөлшектердің жиі жөндеуге немесе ауыстыруға жататынын, сондай-ақ КАСКО және АҚЖМС полистері бойынша төлемдердің көлемін айтып берді.

Freedom Insurance мәліметінше, автокөліктің келесі бөлшектері мен элементтері ең жиі жөндеуге немесе ауыстыруға жатады:

  • алдыңғы және артқы бамперлер;
  • капот;
  • жүксалғыш;
  • алдыңғы және артқы есіктер;
  • фарлар мен шамдар;
  • тұманға қарсы шамдар;
  • молдингтер, бастырмалар  мен торлар;
  • алдыңғы қанаттар;
  • артқы бүйірлік бөліктер;
  • артқы көрініс айналары;
  • радиатор торлары;
  • алдыңғы крылоастылары;
  • бампердің алдыңғы және артқы күшейткіштері;
  • шанақтың алдыңғы және артқы панельдері;
  • радиатор рамкалары;
  • салқындату радиаторы.

Қазақстанда Freedom Insurance бойынша АҚЖМС бойынша орташа сақтандыру төлемінің көлемі 500 мың теңгені, ал КАСКО бойынша – 800 мың теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштер орта есеппен жыл сайын тиісінше 8%-ға және 2,5%-ға өсіп келеді.

2025–2026 жылдары ең көп жол-көлік оқиғалары республикалық маңызы бар үш қалада – Астана, Алматы және Шымкентте тіркелді. Дегенмен, осы кезеңдегі сақтандыру төлемдерінің көлемі бойынша Түркістан облысы, Жетісу облысы және Алматы облысы көш бастап тұр.

Freedom Insurance өкілдері Қазақстанның бірқатар оңтүстік өңірлерінде, соның ішінде Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында елді мекендер мен аудандарды байланыстыратын магистральды жолдардың басым бөлігі әлі де бөліп тұратын барьерлері мен өзге де қоршаулары жоқ екі жолақты екенін атап өтеді. Мұндай жол инфрақұрылымы ауыр жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады.

"Ауыр салдарларға әкеп соқтыратын ЖКО-ның басты себептерінің бірі – басып озу кезінде көлік құралдарының қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетуі. Нәтижесінде, аталған өңірлерде инфрақұрылымы дамыған аймақтармен салыстырғанда трассалардағы ауыр ЖКО мен адам өліміне әкелетін оқиғалардың үлесі жоғары болып отыр", – делінген Freedom Insurance компаниясының AutoReport сауалына берген жауабында.

Еске салсақ, Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр, оның аясында автосақтандыруды реформалау күтілуде. Бағдарламаға сәйкес, сақтандыру компаниялары Бірыңғай сақтандыру дерекқоры мен мемлекеттік дерекқорлардың ақпаратын пайдалана отырып, жүргізушілерді скорингтеудің жеке жүйесі негізінде төлемдер (премия) көлемін есептей алады. Жекелей алғанда, шығындар тарихы, жүргізу стилі, жол жүрісі ережелерін бұзу, жүргізушінің сипаттамалары (жүргізу өтілі мен жасы) және автокөлік сипаттамалары (жүрілген қашықтық, пайдалану режимі, пайдаланылатын өңір) ескерілетін болады.

Бірінші кезеңде скорингтің полис құнына әсері қолданыстағы тарифтің плюс-минус 20% шегімен шектеледі. Бұл жаңа модельдерді тестілеуге және қажетті статистиканы жинақтауға мүмкіндік береді. Олардың объективтілігі расталғаннан кейін сақтандырушылар полис құнын өз бетінше белгілей алатын бірыңғай тарифтік коридорға өту жоспарланып отыр.