08.07.2026 15:32

Қазақстанда жыл сайын үш млн-ға жуық аккумулятор шығарылады – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Министрлік Қазақстанда қазірдің өзінде қандай автокомпоненттер өндірілетінін айтты.

Ербол Казистаев
Қазақстанда жыл сайын үш млн-ға жуық аккумулятор шығарылады – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Фото: QazIndustry

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі AutoReport редакциясына Қазақстанда көлік құралдарына арналған қандай автокомпоненттер шығарылып жатқанын мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, өткен жылы зауыттар мынадай автокомпоненттер өндірген:

  • аккумуляторлар – 2,9 млн дана шығарылды (2024 жылмен салыстырғанда +1,4%);
  • шиналар – 527,7 мың (2,8 есе көп);
  • мультимедиа жүйелері – шамамен 40,7 мың (7 есе көп);
  • орындықтар – шамамен 14,5 мың.

Қазақстанда шина өндірісі 2024 жылдың шілдесінде іске қосылған. Сондықтан статистикада 2025 жылдың көрсеткіштері 2024 жылдың шілде-желтоқсан айлары аралығындағы кезеңмен салыстырылып көрсетілген.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жоғарыда аталған автокомпоненттерден бөлек, Алматыда автокөлік кілемшелерінің шығарылатынын атап өтті.

2026 жылдың басында Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева AutoReport редакциясына берген сұхбатында алдағы бірнеше жылда Қазақстанда автокомпоненттер өндірісі бойынша жобаларды іске қосу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл соңғы тұтынушылар үшін автокөлік құнын арзандатуға тиіс.

Кейінірек Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев алдағы үш жылда жылыту және ауа баптау жүйелері, тежегіш және жанармай түтіктері, сондай-ақ салонның пластик бөлшектері мен еден төсеніштері сияқты автокомпоненттерді оқшаулау (локализациялау) бойынша жаңа жобаларды іске қосу жоспарланғанын хабарлады.

2026 жылдың ақпанында Astana Motors (Қазақстан), Open Element (АҚШ) және Hands Corporation (Оңтүстік Корея) Қазақстанда автомобильдерге арналған алюминий дөңгелек дискілерін шығаратын зауыт салу жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ, 2026 жылдың соңында автокөлік сымдарының жгуттарын өндіру жобасын іске қосу күтілуде. Олар алдымен Kia Sportage автокөліктеріне, ал 2027 жылдан бастап Hyundai Tucson үлгілеріне орнатылады. Болашақта кәсіпорын қытайлық автомобиль брендтері үшін де өнім шығару мүмкіндігін қарастыруда.