20.08.2026 13:06

Қазақстандағы Volkswagen және Jetta автокөліктерінің бағалары белгілі болды

Дистрибьютор барлығы жеті модель ұсынып отыр.

AutoReport редакциясы
Қазақстандағы Volkswagen және Jetta автокөліктерінің бағалары белгілі болды
Фото: Orbis Auto

Қазақстанда Volkswagen және Jetta автокөліктерінің сатылымы 2026 жылдың 27 тамызында басталады. Бастапқы модельдер қатарына Volkswagen-нің төрт моделі – Bora, Passat, Tayron, Talagon және Jetta-ның үш моделі – VA7, VS7, VS8 кіреді, деп хабарлайды брендтердің ресми дистрибьюторы – Orbis Auto компаниясы.

Бірінші кезеңде Volkswagen мен Jetta-ның ресми желісі Қазақстанның жеті қаласындағы сегіз орталықты біріктіреді. Екі орталық Алматыда, қалғандары Астана, Шымкент, Қостанай, Орал, Ақтау және Атырау қалаларында жұмыс істейді.

Volkswagen Bora қалалық седаны Trendline және Comfortline деп аталатын екі жиынтықта 12,9 млн теңгеден басталатын бағамен ұсынылады. Автокөлік 160 аттың күші бар 1,5 литрлік бензинді турбоқозғалтқышпен және жеті сатылы DSG трансмиссиясымен жабдықталған.

Volkswagen Passat бизнес-класс седанының құны 19 млн теңгеден басталады. Автокөлік Comfortline және Highline жиынтықтарында қолжетімді, ол 220 аттың күшін беретін екі литрлік бензинді турбоқозғалтқышпен жабдықталған.

Volkswagen Tayron кроссовері Comfortline, R-Line және R-Line Plus үш жиынтығында 16,99 млн теңгеден басталатын бағамен ұсынылады. Барлық нұсқалары 220 аттың күші бар екі литрлік бензинді турбоқозғалтқышпен және жеті сатылы DSG трансмиссиясымен, ал R-Line мен R-Line Plus жиынтықтары қосымша 4MOTION толық жетек жүйесімен жабдықталған.

Volkswagen Talagon толық өлшемді флагмандық кроссовері 272 аттың күшін беретін екі литрлік бензинді турбоқозғалтқышпен және толық жетекпен жабдықталған. Көліктің құны 25,6 млн теңгеден басталады. Қазақстанда кроссовер Comfortline және R-Line екі жиынтығында қолжетімді.

Jetta автокөліктеріне келсек, Jetta VA7 моделі Trendline, Comfortline және Highline үш жиынтығында 8,99 млн теңгеден басталатын бағамен ұсынылады. Седан 150 аттың күші бар 1,4 литрлік турбокомпрессорлы бензин қозғалтқышымен, жеті сатылы DSG трансмиссиясымен, алты қауіпсіздік жастығымен және диагоналі 12,9 дюймдік мультимедиа экранымен жабдықталған.

Jetta VS7 және VS8 кроссоверлері 150 аттың күшін беретін 1,4 литрлік турбокомпрессорлы бензин қозғалтқышымен және алты сатылы Aisin автоматты трансмиссиясымен Comfortline және Highline жиынтықтарында ұсынылады. Бағасы 9,85 млн теңгеден басталатын VS7 моделі Comfortline жиынтығының өзінде панорамалы люк пен айнала шолу камераларын алды, ал Highline нұсқасында адаптивті круиз-бақылау мен Front Assist жүйесі қарастырылған. Құны 11 млн теңгеден басталатын флагмандық VS8 моделі диагоналі 14,6 дюймдік орталық экранмен және электронды ассистенттер кешенімен жабдықталған, ал оның жүк бөлігінің көлемі 654 литрді құрайды.

Барлық модельдерге үш жыл немесе 100 мың шақырым жүріске кепілдік беріледі. Orbis Auto өкілдері автокөлік шанақтарының көпсатылы коррозияға қарсы өңдеуден өтетінін қоса айтты. Оған цинктеу, 360 градусқа бұрылып бату әдісімен катафорезді жабын жағу және жасырын қуыстарды балауыз қоспаларымен өңдеу кіреді. Барлық модельдерге арналған бояу-лак жабынының кепілдігі үш жылды құрайды. Коррозиядан қорғау кепілдігі Jetta VA7, VS7 және VS8 үшін үш жыл, Volkswagen Bora мен Tayron үшін алты жыл, ал Volkswagen Passat және Talagon үшін 12 жыл бойы жарамды.

Еске сала кетейік, Volkswagen автокөліктері Қазақстанның автопаркінде ең көп таралғандардың бірі болып табылады. Елде осы маркадағы 290 мыңнан астам автокөлік тіркелген.