08.07.2026 13:48

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстандағы автокөлік өндірісі көлемінің өсуін күтеді

Ведомство 2026 жылға арналған болжамымен бөлісті.

Ербол Казистаев
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстандағы автокөлік өндірісі көлемінің өсуін күтеді
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

2026 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда көлік құралдарының өндіріс көлемі 209 мың бірлікке жетеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі AutoReport редакциясына берген жауабында осындай болжам жасады.

Осылайша, өндіріс өсімі 2025 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда шамамен 22%-ды құрамақ.

“2026 жылға қарай Қазақстанда көлік құралдарын өндіру көлемі 22%-ға, яғни 209 мың бірлікке дейін өседі деп болжануда”, — делінген ведомствоның AutoReport редакциясының ресми сауалына берген жауабында.

Еске сала кетейік, 2025 жылы қазақстандық кәсіпорындар 171 144 көлік құралын шығарған болатын. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 17,8%-ға артық. Осылайша, өткен жыл отандық автоөндіріс үшін рекордтық жыл болды.