
Қазақстанда Li Auto автомобильдерінің өндірісі локализацияланады. Астанада отандық Allur автомобиль компаниясы мен энергияның жаңа көздерімен жүретін интеллектуалды көліктер шығаратын қытайлық Li Auto өндірушісі стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімдер пакетіне қол қойды.
Allur президенті Оксана Холстининаның айтуынша, Қазақстанда Li L6, Li L8 және Li L9 модельдерінің өндірісін локализациялау жоспарлануда. Көлемге келетін болсақ, алғашқы кезеңде жылына 12 мың автомобиль шығару көзделіп отыр.
«Жергілікті құрастырудың артықшылықтарын басқа брендтерден де сезініп жүрген шығарсыздар – Li автомобильдері отандық өндіріс көліктері қатысатын барлық бағдарламаларға қатысатын болады. Бұған қоса, өндіріс өзіндік құны мен біз локализациялауды жоспарлап отырған автокомпоненттер де бұл көліктердің бағасын төмендетуге әсер етеді. Олар қазақстандықтар үшін қолжетімді болатыны сөзсіз, мұны өздеріңіз де байқайсыздар», – деді Оксана Холстинина.
Өз кезегінде Li Auto компаниясының халықаралық бизнес жөніндегі басқарушы директоры Нестор Ву бренд автомобильдері Қытайдағы үлгілермен бірдей болып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның автонарығына бейімделіп, локализацияланатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Allur компаниясының Қостанай қаласындағы зауыты Li Auto автомобильдері шығарылатын Қытайдан тыс жердегі алғашқы өндірістік алаңға айналады.
Еске салсақ, Li Auto Қазақстан автонарығына 2025 жылдың тамыз айында шыққан болатын. Ал сатылымдар күзде басталды. Қазақстандықтар үшін үш модель – Li L6, Li L7 және Li L9 қолжетімді.