
2026 жылдың басынан бері Қазақстанда 24 809 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға аз, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
2026 жылы жол-көлік оқиғаларынан 1 432 адам қаза тауып, 33 289 адам жарақат алды. 2025 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштер тиісінше 15,7%-ға және 6,8%-ға төмендеді.
"Жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітімнің азаюы олардың салдары ауырлығының төмендегенін және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.", – деп мәлімдеді полиция.
Еске салайық, Ішкі істер министрлігі Құрылтайдың қарауына заң жобасын енгізуді жоспарлап отыр. Оған сәйкес, жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерге бірнеше рет және өрескел құқық бұзушылық жасағаны үшін салынатын айыппұлдармен қатар, жүргізуші куәлігінің қолданысы бір жылға тоқтатылады.