14.07.2026 15:01

Kia бірінші жартыжылдықтағы жеке сату рекордын жаңартты

Ең танымал модельдер қатарында — Sportage, Seltos және Sorento.

AutoReport редакциясы
Kia бірінші жартыжылдықтағы жеке сату рекордын жаңартты
Фото: Pixabay

2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында кореялық Kia бренді бүкіл әлем бойынша 1 630 988 автокөлік сатты. Осылайша, компания сонау 1962 жылы көлік саудасын бастағаннан бергі ең жоғары жеке рекордын жаңартты.

Бұған дейінгі рекорд 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында тіркелген болатын, ол кезде Kia шамамен 1 587 536 автокөлік сата алған еді. Бұл үстіміздегі жылдың алғашқы жартысындағы көрсеткіштен 2,7%-ға аз.

2026 жылы Kia саудасының басым бөлігі шетелдік нарықтарға тиесілі болды — компания шетелде 1,3 млн көлік өткізген. Ал Оңтүстік Корея нарығындағы көрсеткіш 295 779 дананы құрады. Жаһандық нарықта ең көп сұранысқа ие модель — 303 203 данасы сатылған Sportage болды. Одан кейінгі орындарға 177 148 данамен Seltos және 125 283 данамен Sorento жайғасты.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында Қазақстанда 12 332 Kia автокөлігі сатылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,9%-ға артық. Осы көрсеткіштің арқасында бренд отандық автонарықтағы сатылым деңгейі бойынша үздік үштікке (топ-3) еніп отыр.