
2026 жылдың маусым айында Қазақстанда 21 861 жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатылды. Бұл өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 12,5%-ға артық, деп хабарлайды Қазақстан автокөлік одағының баспасөз қызметі.
Есепті айда сатылым бойынша Chevrolet (3 117 автокөлік өтті; 2025 жылдың маусымымен салыстырғанда +39,9%), Hyundai (3 034; -26%) және Changan (2 565; +121,5%) брендтері көш бастады.
Бірінші жартыжылдықта барлығы 105 886 жаңа автокөлік сатылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9%-ға көп.
Қазақстан автомобиль одағының мәлімдеуінше, екі жылдық рекордтық көрсеткіштен кейін нарықтың өсу қарқыны баяулағанына қарамастан, жаңа көліктерге деген сұраныс тұрақты түрде жоғары болып қалып отыр. Сонымен қатар, брендтер арасындағы бәсекелестік айтарлықтай шиеленісе түсті, ал жаңа ойыншылар барлық сегменттерде өз позицияларын нығайтуды жалғастыруда.
"Қазақстанның автомобиль нарығы өз әлеуетін арттыруды жалғастырып келеді. Жалпы сатылым көлемі іс жүзінде өзгеріссіз қалғанымен, нарық ішінде елеулі өзгерістер орын алуда: бәсеке күшейіп, сатып алушылар бағаға, технологияларға және қызмет көрсету сапасына көбірек талап қоя бастады. Бүгінгі таңда нарықтан тек ауқымды ғана емес, сонымен бірге клиенттердің сұраныстарына тез бейімделу қабілетін де көруге болады", – деп атап өтті Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Мақашева.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ең көп сатылған брендтер:
Модельдер бөлінісінде ең жоғары сатылым көрсеткіштері келесі көліктерде тіркелді: Chevrolet Cobalt (16 370 автокөлік), Hyundai Tucson (8 601), Kia Sportage (5 200), Changan CS55 Plus (4 017) және Hyundai Mufasa (3 119).
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы қытайлық автокөліктер сатылымының үлесі 39%-ды құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1 пайыздық тармаққа артық. Сарапшылардың пікірінше, Аспан асты елінен шыққан брендтер ықпалының артуы – жаһандық тренд, және Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалып жатқан жоқ.