24.07.2026 14:58

Шымкентте Toyota және Lexus брендтерінің контрафактілік мотор майы сатылған

Заң бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалды.

AutoReport редакциясы
Шымкентте Toyota және Lexus брендтерінің контрафактілік мотор майы сатылған
Фото: Әділет министрлігі

Шымкенттегі май ауыстыру пунктерінің бірінде Toyota және Lexus брендтерімен жасанды өнімдерді сату және пайдалану деректері анықталды, деп хабарлайды Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

Toyota және Lexus тауар белгілері құқық иеленушілерінің ресми өкілінің өтініші негізінде Шымкент қаласындағы май ауыстыру пунктерінің біріне жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында аталған тауар белгілерін заңсыз пайдалану дерегі анықталды. Оның ішінде жасанды өнімдерді сақтау, сатуға ұсыну және өткізу фактілері белгілі болды.

"Бақылау шараларының нәтижесінде заңсыз айналымнан құқық иеленушілердің ерекше құқықтарын бұза отырып, олардың тауар белгілерімен таңбаланған 615 дана жасанды мотор майы тәркіленді", – делінген Әділет министрлігінің хабарламасында.

Тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Іс материалдары қарау және іс жүргізу шешімін қабылдау үшін сотқа жіберілді.

2023 жылдың соңында Toyota тауар белгісінің ресми өкілдері де бренд атауын заңсыз пайдаланғаны үшін арызданған болатын. Ол кезде Алматыда жалпы құны 5,6 млн теңгені құрайтын 520 дана (1 736 литр) құйылған мотор майы мен автоматты беріліс қорабы сұйықтығы анықталған еді.