
Қазақстанда республикалық маңызы бар қалалардың көше-жол желісі объектілерін күтіп-ұстауға, пайдалануға және жөндеуге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін ведомстволық норматив бекітілді. Құжатта жөндеуаралық мерзімдер, кепілдік мерзімдері және қалалық жол инфрақұрылымын күтіп-ұстау тәртібі айқындалған, - деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Оны енгізу жолдардың сапасын арттыруға, қызмет ету мерзімін ұзартуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп санайды ведомствада.
“Бұл нормативті әзірлеудегі басты мақсат –қалалық жол инфрақұрылымын пайдалануға қатысты бірыңғай әрі ашық талаптарды қалыптастыру. Алғаш рет нормативтік деңгейде көше-жол желісінің негізгі элементтері үшін міндетті жөндеуаралық мерзімдер мен кепілдік кезеңдері белгіленді. Бұл орындалған жұмыстардың сапасын бағалауда бірыңғай тәсілді қамтамасыз етіп, мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға және соның нәтижесінде қалалық жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті ҚазжолҒЗИ Нормативтік-техникалық қамтамасыз ету департаментінің директорының міндетін атқарушы Фазылжанова А.
Құжаттағы маңызды жаңашылдықтардың бірі көшелерді салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу кезінде жол жабынының қорғаныш тозу қабатын міндетті түрде төсеу талабы. Бұл қабат жол құрылымын ылғалдың және көлік жүктемесінің әсерінен қорғайды, жабынның мерзімінен бұрын бұзылу қаупін төмендетіп, оның қызмет ету мерзімін ұзартады.
Қысқы кезеңде жолдың тайғақтығын болдырмау мақсатында көктайғаққа қарсы материалдарды пайдалану көзделген. Бұл ретте көктайғаққа қарсы материал ретінде натрий хлоридін (ас тұзын) қолдануға жол берілмейді.
Құжатта кепілдік мерзімі ішінде орындалған жұмыстардың сапасын бақылауға ерекше назар аударылған. Осы мақсатта жол объектілеріне жоспарлы тексерулер жүргізу қарастырылған. Бұл ақауларды уақтылы анықтауға, олардың пайда болу себептерін белгілеуге және мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелері шеңберінде оларды жоюын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Көлік министрлігі бұған дейін жол құрылысындағы ақаулар санының азайғанын мәлімдеген болатын. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мердігерлер анықталған ақауларды жойып, 1 млрд теңге сомасына өз қаражаты есебінен жұмыстарды қайта атқарды. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш 2023 жылы 4,1 млрд теңгені, ал 2024 жылы 3,9 млрд теңгені құраған еді.