
Қазақстанда республикалық маңызы бар 10 мың шақырым автомобиль жолдарын жөндеу жобаларын жүзеге асыру жалғасуда. 2026 жылы жөндеу жұмыстарымен төрт мың шақырымнан астам жол қамтылды. Жыл соңына дейін екі мың шақырымнан астам жолды орташа жөндеуден өткізуді аяқтау және күрделі жөндеуден кейін 97 шақырым автомобиль жолын пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 3,6 мың шақырымнан асатын 124 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 1,2 мың шақырымнан астам жолда жол төсемінің негізі дайындалып, 1,8 мың шақырымға асфальтбетон жабынының төменгі қабаты және 2,2 мың шақырымға жоғарғы қабаты төселді.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы 343 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары барлығы 60 нысанды қамтиды. Оның ішінде 29 нысанда жобаларды іске асыру жалғасып, 2 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 8 нысандағы жалпы ұзындығы 97 шақырым жолды жөндеуден өткізіп, пайдалануға беру көзделген.
Бұдан бөлек, республикалық жол желісін одан әрі жаңғыртуға бағытталған жаңа жобалар әзірленуде. Жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру жол жабынының жай-күйін жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және еліміздің өңірлері арасындағы тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Барлық жұмыстар белгіленген мерзімдер мен сапа талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл ретте жол жөндеу технологияларының сақталуына және автомобиль жолдарының тиісті деңгейде күтіп ұсталуына ерекше назар аударылуда.
Еске сала кетейік, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандардың жартысы республикалық маңызы бар жолдарға келеді. Полиция қазіргі заманғы талаптарға жолдардың тек 16%-ы ғана сәйкес келетінін мәлімдеді. Бірінші санаттағы алты мың шақырым жол салу қажет.