28.09.2026 12:53

Алматыда жүргізушісіз көліктерді сынауға арналған карта жасала бастады

Картада жолдар, жол белгілері және жол таңбалары туралы ақпарат болады.

AutoReport редакциясы
Алматыда жүргізушісіз көліктерді сынауға арналған карта жасала бастады
Фото: Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Yandex Qazaqstan қалада автономды көлікті енгізу үшін Алматының жоғары дәлдіктегі цифрлық картасын жасауға кірісті. Осы мақсатта жол инфрақұрылымы туралы деректер жинайтын арнайы жабдықталған жүргізушісіз көліктер қала көшелеріне шықты, деп хабарлайды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Көліктер жолақтар, бағдаршамдар, жол белгілері, қиылыстар және қалалық ортаның басқа да элементтері туралы ақпаратты тіркейтін лидарлармен, камералармен және өзге де сенсорлармен жабдықталған. Жиналған ақпарат негізінде жол инфрақұрылымының егжей-тегжейлі цифрлық моделі қалыптастырылады. Сонымен қатар қозғалыс кезінде автономды жүйе сенсорлар кешені арқылы айналада болып жатқан жағдайды нақты уақыт режимінде талдайды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде айтқандай - Жоғары дәлдіктегі карта автономды көлік технологиясының негізгі элементтерінің бірі саналады. Онда жолақтар, қиылыстар, жол белгілері, бағдаршамдар және маршруттағы басқа да нысандар туралы егжей-тегжейлі деректер қамтылады. Бұл жүргізушісіз көлікке өз орнын дәл анықтап, қалалық ортада бағдарлануға мүмкіндік береді.

Автономды көлік технологиясында бағдарламалық және аппараттық шешімдер кешені қолданылады. Лидарлар нысандарға дейінгі қашықтықты анықтап, қоршаған кеңістіктің үш өлшемді моделін жасауға мүмкіндік береді. Камералар жол белгілерін, бағдаршам сигналдарын және басқа да визуалды нысандарды таниды, ал қосымша сенсорлар жолдағы жағдай туралы деректерді толықтырады.

Осы ақпараттың негізінде жүйе көліктің орналасқан жерін анықтап, басқа да қозғалыс қатысушылары мен айналадағы нысандарды тани отырып, жолдағы жағдайдың одан әрі өзгеруін болжайды және қозғалыстың келесі траекториясын қалыптастырады.

Yandex Qazaqstan мәліметінше, қазіргі кезеңде көліктер тек қалалық ортаның картасын жасау жұмыстарын жүргізіп жатыр және автономды режимде жолаушылар тасымалдамайды.

"Жоғары дәлдіктегі картаны жасау – автономды көлік технологиясын Алматыда пайдалануға дайындаудың маңызды кезеңі. Қалалық орта үнемі өзгеріп отырады: қиылыстар, жол таңбалары, бағдаршамдар, жол белгілері және қозғалысты ұйымдастырудың түрлі сценарийлері бар. Автономды көлік маршрутта дәл бағдарлана алуы үшін бізге осы деректерді жинап, жүйелеу қажет. Қазір көліктеріміз қаланың картасын жасаумен айналысып жатыр, ал жобаның келесі кезеңдері туралы бөлек хабарлаймыз", – деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов.

Еске салайық, 2026 жылғы тамыз айының басында Жасанды интеллект және цифрлық даму, Көлік және Ішкі істер министрліктері әзірлеп, шартты және жоғары автоматтандырылған басқару жүйесі бар автокөлік құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаның ережелерін бекітті. Ережелер жүргізушісіз көлік құралдарын пайдалануға қойылатын талаптарды айқындайтын құқықтық негіз қалыптастырады.

Ал 2026 жылғы қыркүйек айының соңында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанда жүргізушісіз такси 2027 жылы іске қосылатынын хабарлады. Пилоттық жобалар қазірдің өзінде Астана, Алматы және Қосшы қалаларында жүзеге асырылып жатыр.