22.09.2026 15:16

Қазақстанда жүргізушісіз такси 2027 жылы іске қосылады

Пилоттық жоба Алматы, Астана және Қосшы қалаларында басталды.

AutoReport редакциясы
Қазақстанда жүргізушісіз такси 2027 жылы іске қосылады
Фото: Михаил Почуев / ТАСС

Қазақстанда жүргізушісіз такси 2027 жылы-ақ іске қосылады, бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, ведомство қазірдің өзінде қажетті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Пилоттық жоба Алматы, Астана және Қосшы қалаларында іске қосылды.

Алматыдағы сынақтарға қатысты Yandex Qazaqstan бас директоры Тимур Шалекенов қазіргі уақытта көлік қажетті деректерді жинап, қаланың цифрлық картасын қалыптастырып жатқанын хабарлады. Алғашқы коммерциялық сапарларға өту үшін сынақ режимінде бірнеше мың шақырым жүріп өту қажет.

2026 жылдың тамыз айында Жасанды интеллект және цифрлық даму, Көлік, сондай-ақ Ішкі істер министрліктері шартты және жоғары автоматтандырылған басқаруы бар автокөлік құралдарын енгізу бойынша пилоттық жобаның ережелерін әзірлеп, бекітті. Ережелер құқықтық негізді қалыптастырады және жүргізушісіз көлік құралдарын пайдалануға қойылатын талаптарды айқындайды.