05.08.2026 14:22

Қазақстанда пилотсыз көліктерді енгізу бойынша пилоттық жобаның қағидалары бекітілді

Пилоттық жоба үш қалада жүзеге асырылады.

AutoReport редакциясы
Қазақстанда пилотсыз көліктерді енгізу бойынша пилоттық жобаның қағидалары бекітілді
Фото: hromtau.newauto.kz

Жасанды интеллект және цифрлық даму, Көлік, сондай-ақ Ішкі істер министрліктері шартты және жоғары автоматтандырылған басқару жүйесі бар автокөлік құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаның ережелерін әзірлеп, бекітті. Қағидалар құқықтық негіз қалыптастырып, пилотсыз көлік құралдарын пайдалану талаптарын айқындайды, деп хабарлайды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Пилоттық жоба үш жыл бойы Астана, Алматы және Қосшы қалаларының аумағында іске асырылады. Автономды көліктерді сынақтан өткізу арнайы полигондарда, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының белгілі бір маршруттарында жүргізіледі.

Қағидалардың негізгі ерекшеліктерінің бірі – автоматтандыру деңгейі әртүрлі көлік құралдарына қойылатын талаптардың нақты ажыратылуы. Шартты автоматтандырылған басқаруы бар автомобильдер үшін кез келген сәтте басқаруды өз қолына алуға дайын адамның болуы міндетті. Ал жоғары деңгейдегі автоматтандырылған көлік құралдарын салонда жүргізушісіз пайдалануға рұқсат етіледі, бұл ретте қашықтан бақылауды жүзеге асыратын оператордың сүйемелдеуі қамтамасыз етілуі тиіс.

Құжатта пайдалану қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптар да белгіленген. Автономды көлік құралдары деректерді тіркеу жүйелерімен, бейнебақылау құралдарымен, автоматтандырылған басқару жүйесін авариялық түрде ажырату тетіктерімен, "Автономды басқару" арнайы таңбалауымен, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысына сырттан араласудан қорғау механизмдерімен жабдықталуы тиіс.

Жолаушыларды тасымалдау, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл және жол-көлік оқиғалары болған жағдайда әрекет ету мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Қағидалар автономды көлікті такси қызметтерін көрсету және тұрақты емес жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыру кезінде пайдалану тәртібін айқындайды, сондай-ақ пилоттық жоба субъектілерінің жауапкершілігін сақтандыруға қойылатын талаптарды белгілейді.

2025 жылдың соңында 2026 жылы Астанада InDrive компаниясының пилотсыз таксиі іске қосылатыны белгілі болған еді. inDrive және қатысушы мемлекеттік органдардың қатысуымен өтетін пилоттың бірінші кезеңі сынақ полигонын іске қосу және «реттеуші песочницаны» қалыптастыру – заңнама мәселелерін бейімдеу мен инфрақұрылымның дайындығын қамтамасыз ету болатыны хабарланды. Жоба бойынша жұмыс 2026 жылдың басынан басталды.