
Қазақстанның халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы қазіргі бар демалыс алаңдарында 2030 жылға дейін жол бойындағы 250 сервис стансасын салу көзделіп отыр. Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, инвестицияның жалпы көлемі 179,5 млрд теңгені құрайды.
Алғашқы 50 нысан 2026 жылдың соңына дейін салынып, пайдалануға беріледі. Жаңа стансалар санитариялық-тұрмыстық үй-жайларды, сауда және қызмет көрсету пункттерін, электрлі көліктерге арналған қуаттау стансаларын, күн энергиясын өндіретін қондырғыларды қамтиды.
Үкіметтің хабарламасында “Жобаны жүзеге асыру халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандары желісін кеңейтуге, электромобильдер үшін заманауи инфрақұрылым құруға және көлік саласында экологиялық бағдарланған шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жол бойындағы сервис стансаларының құрылысы жақын маңдағы өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға серпін береді”, - делінген.
Жаңа жоба жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жол бойындағы сервис станцияларын салуды қамтиды және оны Көлік министрлігі мен «Car Park Transformer» ЖШС бірлесіп жүзеге асырады.
Бүгінде Қазақстан автожолдары бойында 1 428 сервис нысаны жұмыс істейді.