23.09.2025 14:17
5 мин.

Қазақстан автоөнеркәсібі 2025 жылдың сегіз айының қорытындысы

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше тамызда Қазақстандағы зауыттар жалпы құны 178,2 млрд теңге болатын 12 944 бірл. авто құрастырды, ал былтыр осы уақытта 140,3 млрд теңгелік 10 785 бірл. техника жасаған (+20%).

Жалпы сегіз айда құны 1,34 трлн теңгені құрайтын 96 203 автомобиль өндірілді. Өндіріс көлемі 2024 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 17,3% өскен, саланың машинажасау сегментіндегі үлесі - 40,6%.

Анар Мақашева, ҚАО президенті: "Автоөнеркәсіп дамып келеді, қазір бұл салада тоғыз өндіруші қызмет етіп жатыр. Алматыда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) мультибрендтік зауыты іске қосылды, ондағы мамандар Changan, Chery, Haval және Tank модельдерін құрастырады. Автомобильдердің алғашқы партиясы конвейерден түсіп үлгерді, бұл технологияны дамыту және кадр дайындау үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Жаңа кәсіпорынның ашылуы дистрибьюторларға көлік бағасын 7%-дан 15%-ға дейін түсіруге мүмкіндік берді. Зауытта роботтар және автоматты жүйелер жұмыс істейтін дәнекерлеу, бояу, шанақ құрастыру цехтары бар, 3600 маманның 1700-і жұмысқа орналастырылды. Мұның бәрі отандық автоөнеркәсіп бәсекеге қабілетті бола түскенін, ал саланың өзінде әрі қарай дамып, нарықтан мықтап орын алуға зор мүмкіндік бар екенін растайды".

"Қазақстанның Автокөлік Одағы" (ҚАО) мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың сегіз айында Қостанайда (Allur) 53 376 бірл. техника жасалған (+10,6%). Алматыда (Hyundai Trans Kazakhstan, Hyundai Trans Almaty) 35 646 жеңіл және коммерциялық автомобиль конвейерден түсті (+37,5%). Семейдегі зауыттар (СемАЗ, Daewoo Bus Kazakhstan) 2 764 бірл. коммерциялық көлік құрастырса (-23,4%), Қарағандыдағы QazTehna 1 142 бірл. машина жөнелтті (+30,4%). Көкшетаудағы КАМАЗ-Инжиниринг 817 бірл. коммерциялық техника құрастырды (+24,4%). Басқаларының нәтижесі – 2 458 бірл. (-10,2%).

Биыл қаңтар мен тамыз аралығында аса танымал болған брендтер арасында (экспортты қосқанда) Hyundai (35 197 бірл.), Chevrolet (19 012 бірл.), Kia (17 278 бірл.), Jetour (8 606 бірл.) және Jac (6 454 бірл.) үздік атанды. Модельдер арасында Chevrolet Cobalt (15 753 бірл.), Hyundai Tucson (14 105 бірл.), Kia Sportage (8 082 бірл.), Hyundai Elantra (5 387 бірл.) және Hyundai Mufasa (5 284 бірл.) басым.