
"Қазақстанның Автокөлік Одағы" (ҚАО) дерегінше 2025 жылғы желтоқсанда ресми дилерлер 27 464 жаңа жеңіл және коммерциялық көлік сатты, бұл өткен жылғы рекордтық желтоқсанмен салыстырғанда 7,3%-ға артық. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сатылым көлемі 234 852 автокөлікті құрады, бұл алдыңғы жылдың қаңтар-желтоқсан айларымен салыстырғанда 14,4%-ға жоғары. Осылайша, Қазақстандағы жаңа автокөліктер нарығы қатарынан екінші жыл 200 мыңнан астам сатылған көлік көрсеткішінен асты.
2025 жылы сатылымның шарықтау шегі дәстүрлі түрде екінші және төртінші тоқсандарда тіркелді, ал желтоқсан айы үшінші жыл қатарынан айлық сатылым бойынша рекорд жаңартты.
Анар МАҚАШЕВА, ҚАО президенті: "2025 жылы отандық автокөлік жасау саласы индустриялық серпіліс жасады: мемлекет қолдауының арқасында ұлттық және шетелдік инвесторлар екі заманауи автозауытты іске қосу жобаларын жүзеге асырды. Сонымен қатар, бөлшек саудадағы тиімді клиентке бағдарланған саясаттың нәтижесінде бүгінгі таңда сатып алушылар үшін қолжетімді қаржылық құралдардың кең таңдауы ұсынылып отыр. Желтоқсан айының қорытындысы бойынша сатылған әрбір 10 жаңа автокөліктің 8-і – отандық өндіріс өнімі. Ал жыл қорытындысында ең танымал ТОП-10 модельдің барлығы Қазақстанда шығарылған. Бұл автонарықтағы мемлекеттік қолдау саясатының, технологиялар трансфері мен Қазақстан автоөнеркәсібінің өз құзыреттерін арттырудың жүйелі түрде жүргізілуінің нәтижесінсіз мүмкін болмас еді".
2025 жылғы сатылым қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы ең танымал брендтер ондығында Hyundai көшбасшылығын сақтап қалды. Қаңтар-желтоқсан айларында 50 868 Hyundai автокөлігі сатылды (+15,4%). Екінші орында Chevrolet – 38 880 бірл. (+25,7%). Үшінші орынды Kia иеленді – 23 402 бірл. (+1,5%). Жыл бойы төртінші орын үшін қытайлық екі бренд бәсекелесті: Chery (14 570 бірл.; -2,1%) және Jetour (14 507 бірл.; +52,6%). Жыл қорытындысы бойынша Haval алтыншы орында (11 688 бірл.; +6,4%). Toyota жетінші орында – 11 338 бірл. (+2,7%). Сегізінші орында Changan маркасы – 11 260 бірл. (+32,3%). ТОП-10 тізімін Jac (10 330 бірл.; -12,2%) және Geely (9 621 бірл.; +16,6%) енді.
Қазіргі таңда нарықта 75-тен астам автокөлік бренді ұсынылғанына қарамастан, сатылымдардың 80%-дан астамы әлі де ірі он компанияның үлесінде қалып отыр. Қытайлық маркалардың үлесі, олардың қатысуы айтарлықтай кеңейгеніне қарамастан, өткен жылдың деңгейінде сақталып, 39%-ды құрады.
2025 жылы Chery Tiggo 2 және Changan CS55 Plus модельдері Алматы қаласындағы жаңа зауытта өндірістен шығып, «қазақстандық тіркеуге» ие болды. Жыл қорытындысы бойынша Қазақстанда сатылған ең танымал алғашқы он модельдің барлығы елімізде өндірілген. ТОП-10 тізіміндегі алғашқы үштік өзгеріссіз қалды: Chevrolet Cobalt (31 802 бірл.), Hyundai Tucson (20 697 бірл.) және Kia Sportage (10 988 бірл.). Одан кейінгі орындарда: Hyundai Mufasa (8 203 бірл.), Hyundai Elantra (7 867 бірл.), Hyundai Santa Fe (5 764 бірл,), Chevrolet Onix (5 732 бірл.), Changan CS55 Plus (5 558 бірл.), Chery Tiggo 2 (5 278 бірл.) және Jac S3 (5 130 бірл.).