
Астанада бортында жолаушысы бар EH216-S ұшқышсыз жолаушылар әуе кемесінің тарихи ұшуы өтті. Тік көтеріліп, қонатын (eVTOL) сериялы электрлік ұшу аппараты елорданың арнайы рұқсат етілген аумағы үстінде демонстрациялық ұшуды орындады. Бұл — Қазақстан тарихындағы жолаушысы бар осындай алғашқы ұшу, деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Әуе кемесі екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырымды құрайды, ал ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін жетеді.
"Алғашқы кезеңде Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері үстімен ұзақтығы 5–30 минут болатын демонстрациялық және туристік бағыттарды іске қосу жоспарланып отыр. Болашақта мұндай ұшқышсыз жолаушылар әуе жүйелері қолданыстағы көлік түрлерін толықтырып, еліміздің заманауи көлік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады", – деп хабарлайды Көлік министрлігі.
Жоба ұшқышсыз әуе жүйелерін түрлі салада пайдалануды көздейді. Атап айтқанда, оларды шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіру жұмыстарына, логистикаға және жедел әрекет етуді қажет ететін басқа да бағыттарға қолдану жоспарланған.
Сонымен қатар, жоба аясында Қазақстанда жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе жүйелерінің өндірісін кезең-кезеңімен өзімізде өндіру көзделіп отыр. Бұл жоғары технологиялы машина жасау саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.
2025 жылғы қарашада Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Joby Aero Inc. және AlatauAdvance Air Group Ltd. компанияларымен елдегі қалалық аэротаксиді дамыту жобасын жүзеге асыру үшін құны 300 млн доллар болатын келісімге қол қойды. Жоба Қазақстанда аэротаксиді дамытуды және eVTOL Aircraft әуе кемелерін жеткізуді көздейді, бұл қалалық мобилділіктің инновациялық шешімдерін енгізуге мүмкіндік береді.