
"Алматы – Қаскелең" тасжолындағы көлік жүктемесін азайту үшін жолды сегіз жолаққа дейін кеңейту, сонымен қатар баламалы жол салу жоспарланып отыр. Жұмыстардың басталуы 2026 жылдың 20 шілдесіне, ал аяқталуы 2027 жылдың желтоқсанына жоспарланған, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалаға күн сайын 300 мыңға жуық көлік кіреді. Осының салдарынан жалпы трафик тәулігіне 1 миллион машинаға жетеді. "Алматы – Қаскелең" автокөлік жолы — Алматы агломерациясының ең көп жүктеме түсетін учаскелерінің бірі. Мұндағы қозғалыс қарқындылығы тәулігіне шамамен 60 мың автомобильді құрайды.
"Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекендер тұрғындары тарапынан “Алматы – Қаскелең” жолындағы көлік қозғалысының жоғары жүктемесіне қатысты айтылып жүрген шағымдарға назар аударды. Президент жолды кеңейту жобасын дереу бастау туралы тапсырма берді. Мердігер осы аптаның соңына дейін қажетті техника мен жұмыс күшін жұмылдыруы қажет. Құрылыс жұмыстарын дүйсенбі, 20 шілде күні бастау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс", – деді Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкіметте өткен кеңесте.
Көлік министрлігінің деректері бойынша, Алматыдан Қаскелеңге дейінгі ұзындығы 8 шақырым болатын учаске сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Сондай-ақ екі жол айрығы мен тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарланған. Нәтижесінде бұл учаскенің өткізу қабілеті екі есеге артады.
Жоба Қазақстанның Даму Банкі желісі бойынша қаржыландырылады. Құрылыс жұмыстарын аяқтау және нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Бұдан бөлек, Ұзынағаш ауылынан басталатын ұзындығы 32 шақырымдық баламалы жолдың құрылысы басталды. Бұл жобаны іске асыру "Алматы – Қаскелең" тасжолына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Аталған жобалар бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысындағы жер мәселелерін шешу жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Алыпсатарлыққа жол бермеу үшін жер учаскелерінің құны 2026 жылдың 14 шілдесінде бекітілді.
Бұған дейін осы бағыттағы кептелісті азайту үшін өңірдегі ұзындығы 3 шақырым болатын "Алматы – Шамалған – Ұзынағаш" тасжолының учаскесі кеңейтілген болатын.