28.07.2026 15:15

Қазақстандағы ақылы жолдарда жүру тарифі әлемдегі ең төмендердің бірі – "ҚазАвтоЖол"

Қытай, Түркия немесе Ресейге қарағанда шамамен 15-40 есе арзан.

AutoReport редакциясы
Қазақстандағы ақылы жолдарда жүру тарифі әлемдегі ең төмендердің бірі –
Фото: inbusiness.kz

Қазақстандағы ақылы жолдармен жүру тарифі жеңіл автокөліктер үшін алдын ала төлем жасағанда 100 шақырымға шамамен 207 теңгені, ал жүк көліктері үшін 600 теңгеден басталатын соманы құрайды. Бұл әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі, деп мәлімдеді "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ.

Ұлттық компанияның атап өтуінше, жеңіл автокөліктер үшін қазақстандық ақылы тасжолдармен жүру Ресей, Түркия, Қытай, Франция мен Жапонияның ұқсас ақылы бағыттарына қарағанда 15-40 есе арзан.

"Сонымен бірге "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ жүргізушілердің кейбір учаскелердің жағдайына қатысты сұрақтарының негізді екенін мойындайды. Төмен тариф шұңқырлардың, ойлы-қырлы жерлердің және басқа да зақымданулардың болуын ақтауға негіз бола алмайды. Егер анықталған ақаулар қозғалыс қауіпсіздігі мен үздіксіздігіне әсер етсе, онда мұндай кесінді ескертулер толық жойылғанға дейін ақылы шақырымдар тізімінен шығарылады", – делінген ұлттық компанияның хабарламасында.

Салыстыру үшін "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ мамандары басқа елдердегі тарифтерді зерделеп, сомаларды Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша қайта есептеп шықты. Жеңіл автокөлік үшін 100 шақырымның құны:

  • Қазақстан – шамамен 207 теңге;
  • Қытай – 3,2 мыңнан 4,2 мың теңгеге дейін;
  • Түркия – шамамен 3,4 мың теңге;
  • Ресей – шамамен 4,4 мың теңге;
  • Франция – шамамен 7,1 мың теңге;
  • Жапония – шамамен 8,4 мың теңге.

Салыстыруға тек қашықтан төлеу жүйесі бар, құнын 100 шақырымға дәл есептеуге болатын жолдар ғана енгізілген. Жеңіл автокөліктер үшін жолы тегін елдер мен мерзімді төленетін жүйесі бар елдер есепке алынбады.

Жүк көліктерінің тарифтері бірыңғай халықаралық көрсеткішке біріктірілген жоқ, өйткені шетелде автокөлік салмағымен қатар оның остік саны, экологиялық класы, жол жүру уақыты мен автомагистраль түрі де ескеріледі.

Еске сала кетейік, Қазақстанда алдын ала төлем жасалғанда жеңіл автокөліктер үшін ақылы жолдың 100 шақырымына жүру құны 207 теңгені, ал жүк көліктері үшін 800-ден 3,7 мың теңгеге дейінді құрайды. Кейін төлеу кезінде жеңіл автокөліктер үшін тариф 100 шақырымға 235 теңге, ал жүк көліктері үшін 600-ден 3,7 мың теңгеге дейін болады.

Сонымен қатар, қозғалыс қауіпсіздігі мен үздіксіздігіне әсер еткен ақаулар анықталған кесінділер ескертулер толық жойылғанға дейін ақылы шақырымдардан шығарылады. Қайта есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады – жүргізушілерге өтініш берудің қажеті жоқ. Жөндеу аяқталғаннан кейін қайта тексеру жүргізіліп, учаскенің нормативтік талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін ғана төлем қайта басталуы мүмкін.

Бұған дейін "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ қазақстандықтардың ақылы жолдарда жүруге абонементтер сатып ала алатынын еске салған еді. Ұлттық компания оның қанша тұратынын және абонементті қалай рәсімдеуге болатынын айтып берген болатын. Абонементтердің екі түрі бар – бір айға және бір жылға арналған.