03.06.2026 13:14

Жыл басынан бері Қазақстанның көлік жолдарында жалған нөмір қолданудың 2 мыңға жуық дерегі анықталды

Бұл көліктер туралы ақпарат полицияға келіп түсті.

AutoReport редакциясы
Жыл басынан бері Қазақстанның көлік жолдарында жалған нөмір қолданудың 2 мыңға жуық дерегі анықталды
Фото: ҚазАвтоЖол

2026 жылдың басынан бері республикалық маңызы бар автожолдардың ақылы учаскелерінде мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасырудың, өзгертіп пайдаланудың немесе жалған нөмірлерді қолданудың 1 942 дерегі анықталды – деп хабарлайды "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ-ның баспасөз қызметі.

Құқық бұзушылықтарға көлік құралына тиесілі емес мемлекеттік нөмірлерді пайдалану, жалған немесе өзгертілген нөмір белгілерін орнату, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірін тануға кедергі келтіретін түрлі құралдарды қолдану жатады. Олардың қатарында арнайы үлдірлер, жапсырмалар, перделер, айналмалы механизмдер, электронды панельдер және өзге де құрылғылар бар.

"Мұндай заңбұзушылықтар көбінесе жол ақысын төлеуден жалтару және автоматты бақылау жүйелерін айналып өту мақсатында жасалады. Алайда мұндай әрекеттер қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді әрі жол-көлік оқиғалары, жол қозғалысы ережелерін бұзу немесе өзге де төтенше жағдайлар кезінде көлік құралын сәйкестендіруді қиындатады", – делінген ұлттық компанияның хабарламасында.

Бұл көліктер туралы барлық ақпараттар ішкі істер органдарына келіп түсті.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автожолдардың ақылы учаскелерінде мемлекеттік тіркеу нөмірлерін әдейі жасырған немесе жалған мемлекеттік нөмір белгілерін пайдаланатын көлік құралдарына бақылауды күшейтті.

Ұлттық компания мемлекеттік тіркеу нөмірлері әрдайым таза, анық көрінетін, белгіленген талаптарға сәйкес болуы және арнайы көзделген орынға орнатылуы тиіс екенін еске салады. Оқылмайтын, стандартқа сәйкес келмейтін немесе дұрыс орнатылмаған мемлекеттік нөмірлер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 
Ал жалған немесе қолдан жасалған нөмірлерді пайдалану, сондай-ақ оларды жасыруға арналған құрылғыларды қолдану заңнамаға сәйкес анағұрлым қатаң жауапкершілікке, тіпті көлік құралын басқару құқығынан айыруға дейін әкелуі мүмкін.

Қаңтар айында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі сот арқылы 1 787 жүргізуші куәлігінің күшін жойды. Содан кейін ведомство бұл азаматтардың медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екенін айтты.