
"ҚазАвтоЖол» ҰК" АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан "Ақтөбе – Ұлғайсын" тас жолын реконструкциялауға 523 млрд теңге инвестициялайды. Жобаны қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының — Еуропалық қайта құру және даму банкінің (229,5 млрд теңге несие) және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің қатысуымен жүзеге асырылуда.
Жоба аясында автомобиль жолының 763-791 шқ және 819-1025 шқ аралығындағы 234 шақырым учаскесі қайта жаңарту көзделген. Жол I техникалық санатқа ауыстырылып, төрт жолақты қозғалыс, асфальтбетон жабыны және сағатына 120 шақырымға дейінгі есептік жылдамдық қамтамасыз етіледі.
“ҚазАвтоЖол” ҰК АҚ хабарламасында “Жобаны іске асыру көлік дәлізінің өткізу қабілетін едәуір арттыруға, жол жүру уақытын қысқартуға, көлік шығындарын азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Есептеулерге сәйкес, жаңғыратын учаскеден өту уақыты 1,4 сағатқа дейін қысқарады”, – делінген.
Жоба шеңберінде заманауи интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу жоспарланған. Олардың қатарында жол жүру ақысын электронды түрде алу, қозғалыстағы көлік құралдарын автоматты өлшеу кешендері, ауа райы мен жол жағдайын мониторингтеу жүйелері, сондай-ақ жол активтерін басқару және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған цифрлық шешімдер бар.
“ҚазАвтоЖол”-дың есебі бойынша, 2048 жылға дейінгі болжам бойынша қозғалыс қарқындылығы 763-791 шқ учаскесінде тәулігіне 26 989 автокөлікке дейін, ал 819-1025 шқ учаскесінде тәулігіне 11 492 автокөлікке дейін жетеді деп күтілуде.
Бұған дейін Көлік министрлігі 2025 жылдан бастап енгізілген жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуді ұйымдастырудың жаңа қағидаларының арқасында Қазақстанда жолдарды пайдалануға беру кезіндегі ақаулар саны азайғанын мәлімдеген болатын.