
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері бір-бірінің жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімге келді. Polisia.kz порталының хабарлауынша, тиісті меморандумға екі елдің ішкі істер министрлері Ержан Саденов пен шейх Сайф бен Заид Әл Нахаян қол қойды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктеріне 400 мыңға жуық Қазақстан азаматы барады. Сонымен қатар 14 мыңға жуық отандасымыз БАӘ аумағында тұрақты түрде тұрады. Сондықтан қол қойылған меморандум олардың жүргізуші куәліктерін пайдалануы мен айырбастауы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
"Меморандум ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тануды, сондай-ақ құжатта көзделген жағдайларда оларды айырбастаудың жеңілдетілген тәртібін қарастырады. Меморандум тараптар қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаннан кейін күшіне енеді", – деп мәлімдеді Қазақстанның Ішкі істер министрлігі.
Ведомство бұл құжат тараптар қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаннан кейін өз күшіне енетінін толықтырып өтті.
Еске сала кетейік, қазақстандық жүргізуші куәлігі Жол жүрісі туралы Вена конвенциясына қол қойған және оны ратификациялаған елдерде жарамды. Олардың қатарында әлемнің 82 мемлекеті бар.