
2026 жылдың басынан бері Geely Auto Қытайдан 640 мың автокөлік экспорттап, жыл бойына қойылған мақсатқа мерзімінен бұрын жетті. Осыған байланысты компания жылдық мақсатын 920 мың бірлікке дейін арттырды. Ал болашақта Geely Auto экспорт көлемін 1 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр, деп жазады Chinadaily порталы.
Geely Auto Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Гуй Шэнъюэнің айтуынша, компанияның басым жоспарында – Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы елдеріндегі 300 мыңдық нарық, Еуропалық Одақ, Шығыс Еуропа, Латын Америкасы мен Африкадағы әрқайсысы 200 мың бірліктен тұратын үш нарық, сондай-ақ Таяу Шығыс пен Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 100 мыңдық нарық бар.
Ол қазіргі уақытта Geely Auto-ның экспортқа арналған модельдік қатары шектеулі және баға диапазоны тар екенін атап өтті. Сонымен қатар жақын арада компания Қытайдан тыс жерлерде сатылатын жаңа модельдерін таныстыруды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, Geely Auto өз көліктерін шығару үшін шетелдік өндірістік алаңдарды пайдаланбақ. Компания активінде Еуропадағы Volvo Cars, Малайзиядағы Proton, сондай-ақ Оңтүстік Корея мен Бразилиядағы Renault-пен бірлескен кәсіпорындар бар.
Еуропада Volvo Cars өндірістік алаңдары Geely-дің барлық модельдік қатарындағы премиум көліктерді шығаратын базаға айналады. Бұл ретте жоғары санаттағы бірқатар автокөліктердің өндірісін 2028 жылы бастау жоспарланған. Сонымен қатар компания негізгі сериялық модельдерін шығару үшін Испаниядағы жылдық қуаты 500 мың автокөлікті құрайтын Ford зауытын пайдалану туралы келісімге келді. Өндірісті іске қосу 2028 жылға межеленген.
Оңтүстік-Шығыс Азияда Proton компаниясы биыл сату көлемін 200 мың автокөлікке жеткізуді көздеп отыр. Geely малайзиялық брендтің зауыттарын модернизациялап, қуаты 500 мың көлік болатын аймақтық өндіріс орталығын құруда. Биыл ол жерде Geely маркасымен бірнеше модель конвейерден шығуы тиіс.
Компанияның Renault-пен бірлесіп жүзеге асырып жатқан Бразилиядағы жобасының жылдық өндірістік қуаты 300 мың бірлікті құрайды. Ал Renault-пен серіктестікте құрылған Оңтүстік Кореядағы зауыт аймақтық нарықтарға қызмет көрсету бағытында дамып келеді.
Еске салсақ, 2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша Geely Auto 925 мыңнан астам жаңа автокөлік сатып, әлемдегі ең ірі автоөндірушілердің біріне айналды.