
Қазақстанда 2026 жылғы 10 шілдеден бастап республикалық маңызы бар "Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал" және "Бұрылбайтал – Күрті" тасжолдары ақылы болады. Ал 11 шілдеден бастап “Талдықорған – Өскемен” бағытында ақы алу енгізіледі, деп хабарлайды "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ баспасөз қызметі.
"Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал" және "Бұрылбайтал – Күрті" учаскелеріндегі рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық сағатына 140 шақырымнан аспайды. Салынып жатқан жолдардың ұзындығы 645,6 және сәйкесінше 80 шақырымды құрайды.
"Талдықорған – Өскемен" жолына келетін болсақ, ақылы учаскенің жалпы ұзындығы шамамен 773 шақырымды құрайды, оның 32,4 шақырымы – І санатқа, шамамен 740,6 шақырымы – ІІ санатқа жатады. І-б санатындағы учаске үшін белгіленген жылдамдық режимі сағатына 110 шақырымнан, ал ІІ санаттағы учаске үшін сағатына 100 шақырымнан аспауы тиіс.
Еске сала кетейік, жоғарыда аталған республикалық маңызы бар жолдардан бөлек, 2026 жылдың соңына дейін тағы үш учаске ақылы жүйеге көшеді: "Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат" (ұзындығы 89 шақырым), "Атырау – Астрахань" (277 шақырым) және "Меркі – Шу – Бұрылбайтал" (78 шақырым).