30.07.2026 10:33

Қазақстанда 2,4 мың шақырымнан астам жолдың қауіпсіздігі тексеріледі

Жоба екі облыста бастау алды.

AutoReport редакциясы
Қазақстанда 2,4 мың шақырымнан астам жолдың қауіпсіздігі тексеріледі
Фото: Көлік министрлігі

Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында автомобиль жолдарының қауіпсіздігін аудиттеу және инспекциялау жобасы басталды. Оның шеңберінде "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" ("ҚазжолҒЗИ") мамандары облыстық маңызы бар 2,4 мың шақырым жолды тексереді, деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Жұмыстар 2 414 шақырым автомобиль жолын қамтиды, оның 1 384 шақырымы Батыс Қазақстан облысында, ал 1 030 шақырымы Маңғыстау облысында орналасқан.

"Дәстүрлі тексерулерден айырмашылығы, аудит жол инфрақұрылымын кешенді бағалауды қарастырады. Мамандар жолдың геометриялық параметрлерін, көріну қашықтығын, жабынның, жол таңбаларының, жол белгілерінің, тосқауылдардың, жол жиектерінің, жаяу жүргіншілер өткелдерінің, қоғамдық көлік аялдамаларының, қиылыстар мен қосылатын жолдардың жай-күйін талдап, қосымша инженерлік шешімдер талап етілуі мүмкін учаскелерді анықтайды", – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.

Мамандандырылған диагностикалық кешен автоматты режимде жабынның бойлық тегістігін, із тереңдігін өлшейді, жол бетінің цифрлық моделін қалыптастырады, жарықтарды, шұңқырларды, шөгулерді және басқа да ақауларды тіркейді, сондай-ақ жол инфрақұрылымын үздіксіз фото және видеоға түсіруді жүзеге асырады.

Тексеру нәтижелері бойынша қосымша шараларды талап ететін әрбір учаске үшін жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға бағытталған инженерлік ұсынымдар дайындалады. Жол инфрақұрылымының барлық анықталған ерекшеліктері географиялық координаттарға байланыстырылады. Жұмыс қорытындысы бойынша бірыңғай цифрлық деректер базасы және жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру жөніндегі шараларды жоспарлау кезінде бірінші кезекте көңіл бөлуді талап ететін учаскелердің картасы қалыптастырылады.

Бұған дейін Көлік министрлігі 2025 жылдан бастап енгізілген жұмыстар мен материалдар сапасының сараптамасын ұйымдастырудың жаңа ережесі арқасында Қазақстанда жолдарды пайдалануға беру кезіндегі ақаулар саны азайғанын хабарлаған болатын.