
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда мотор майларын міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Энергетика министрлігі бұл нарықтағы ашықтықты арттырып және тұтынушылардың құқықтарын қорғауйды дейді.
Жаңа реттеу тетігін енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап көрсетілген мерзімнен кейін өндірілген немесе елдің аумағына әкелінген мотор майлары міндетті цифрлық таңбалауға жатады. Ал тауар қозғалысын жеткізу тізбегінің барлық кезеңдерінде толық қадағалау режимі 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап енгізіледі.
Энергетика министрлігінің хабарламасында «Аталған жаңашылдықтың негізгі мақсаты – нарықтағы ашықтықты арттыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Сарапшылардың бағалауынша, қазіргі уақытта сатылып жатқан мотор майларының едәуір бөлігі көлеңкелі айналымда болуы мүмкін. Жосықсыз жеткізушілер контрафактілік өнімді құю кезінде танымал брендтердің түпнұсқа қаптамасын пайдаланып, жалған өнімді сыртқы белгілері бойынша түпнұсқадан ажырату мүмкін болмайтындай етіп ұсынады. Мұндай сапасыз өнімді пайдалану автокөлік иелері үшін қозғалтқыштың істен шығуына және едәуір қаржылық шығындарға әкелетін қауіп төндіреді» - делінген.
Аталған механизм әрбір тауардың – зауыттан немесе шекарадан бастап дүкен сөресіне дейінгі қозғалысын ашық әрі қадағалануын қамтамасыз етіп, контрафактілік өнімді сатып алу тәуекелін азайтады дейді ведомства.