25.06.2026 15:14

Porsche – Электрлі 911 болмайды

Брендтің қалған барлық үлгілері электрлі қозғалтқыштарға көшті.

AutoReport редакциясы
Porsche – Электрлі 911 болмайды
Фото: Pixabay

Германияның Porsche автоөндірушісі танымал 911 спорткарының толықтай электрлі нұсқасын шығаруға ниетті емес екенін растады.

Бұл модель Porsche желісіндегі электромобильге айналмайтын жалғыз көлік болмақ. Компания өкілдері 911 үлгісінің гибрид ретінде ұсынылатынын қоса кетті.

“Гибридті күштік қондырғы аралық технология ретінде қарастырылмайды. 911 үшін арнайы әзірленген жоғары өнімді гибридті күштік қондырғы — болашақ үшін негізгі элемент, өмірлік маңызы бар эликсир сияқты. Өйткені толықтай электрлі 911 ешқашан болмайды. Біз осы ұстанымды қолдаймыз”, — деп мәлімдеді Porsche AG бас директоры Михаэль Лейтерс акционерлердің жалпы жылдық жиналысында.

Бренд Porsche 911 үлгісінің алғашқы гибридті нұсқасын 2024 жылдың мамыр айында көрсеткен болатын. Автокөлік көлемі 3,6 литрлік қозғалтқышпен және бір электр моторымен жабдықталған. Аралас режимдегі жанармай шығыны 100 шақырымға 10,5-11 литрді құрайды. Айта кетейік, 911 моделі Porsche желісіндегі алғашқы гибридтердің бірі болды.

Сондай-ақ Macan және Cayenne үлгілерінің электрлі және іштен жанатын қозғалтқышы бар нұсқалары қазірдің өзінде қолжетімді. Осындай өзгеріс 718 Boxster мен Cayman модельдерін де күтіп тұр.

2026 жылдың қаңтарында Porsche компаниясының бұрынғы бас директоры Оливер Блюме бензинді Macan моделін өндірістен алып тастау туралы шешімнің қателік болғанын мойындады. Оның айтуынша, бұған дейін бұл шешім қисынды көрінген, өйткені компания электрлі Macan босаған орынды толықтай басады деп есептеген.