01.06.2026 13:16

Chery АҚШ нарығына шығуды жоспарлап отыр

Компания АҚШ-тағы қытайлық брендтерге қойылған шектеулердің жұмсаруын күтеді.

AutoReport редакциясы
Chery АҚШ нарығына шығуды жоспарлап отыр
Фото: Chery

Қытайлық Chery Automobile автокөлік концерні Солтүстік Америка нарығына шығуды жоспарлап отыр. Reuters ақпараттық порталының дерегінше, компания басшылығы АҚШ-тағы сауда-саттықтың басталуын қамтамасыз ететін негізгі факторлар ретінде АҚШ пен Қытайдың өзара саясатын және кәсіпорынның осы процеске толықтай дайын болуын атап көрсетті.

Қытайдың Уху қаласындағы компанияның бас кеңсесінде журналистермен өткен кездесуде Chery International президенті Чжан Гуйбин, мәселе компанияның АҚШ нарығына шығу-шықпауында емес, оның қашан жүзеге асатынында екенін атап өтті.

"Болашақта жақсы әрі қолайлы сәт туғанда, біз бұл нарыққа міндетті түрде шығамыз деп үміттенеміз. Американың автокөлік нарығының өте ауқымды екенін бәрі біледі. Бізде Америка Құрама Штаттарында автокөлік сату туралы нақты жоспар бар", – деді Чжан Гуйбин.

Айта кетейік, жылдың соңына дейін Chery Automobile Канада елдінде сатылым бастауды жоспарлап отыр. Алдымен Британдық Колумбия, Онтарио және Квебек штаттарында бастайды.

Чжан Гуйбин АҚШ-тағы ықтимал сатылымдардың басталуы АҚШ пен Қытайдың саясатына, сондай-ақ компанияның өзінің дайындығына байланысты болатынын жеткізді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп қытайлық автокөліктердің сатылуына қарсы еместігін, бірақ олар ел аумағында жергілікті жұмыс күшін пайдалана отырып өндірілуі тиіс екенін мәлімдеген болатын.

Chery Automobile құрамына кіретін брендтердің дистрибьюторы Astana Motors компаниясы болуы әбден мүмкін. Қазақстандық компания қазірдің өзінде АҚШ нарығына шығу мүмкіндіктерін зерттеуде. Astana Motors негізін қалаушы Нұрлан Смағұловтың айтуынша, қытайлық брендтердің Америка нарығына шығуын – уақыт көрсетеді.