02.10.2026 11:34

Қазақстанда төртінші МӨЗ 2033 жылға қарай салынады

МӨЗ салынатын төрт ықтимал аймақ анықталып қойды.

AutoReport редакциясы
Қазақстанда төртінші МӨЗ 2033 жылға қарай салынады
Фото: anpz.kz

Қазақстан жаңа мұнай өңдеу зауытын салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен мұнай өңдеу қуатын арттыруды жоспарлап отыр, бұл туралы Алматыда өткен KIOGE 2026 конференциясында Энергетика министрлігі Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, төртінші МӨЗ қуаты жылына 10 млн тонна мұнайды құрайды. Қазір ведомство жобаны жүзеге асыруды жеделдетуде. Жаңа зауыт 2033 жылға дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Төрт ықтимал аймақ анықталып қойды – Ұлытау облысы, сондай-ақ Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстары. 2026 жылдың соңына дейін төртінші МӨЗ-дің нақты қай жерде салынатыны белгілі болады. Қазір алдын ала ТЭН-ні әзірлеу және төрт ықтимал алаңды салыстырмалы талдау аяқталып келеді.

"Біз жаңа МӨЗ жобасын іске асыруды жеделдету туралы шешім қабылдадық. Жыл соңына дейін төрт ықтимал облысқа бағалау жүргізіліп, содан кейін құрылыс үшін оңтайлы өңір ресми түрде анықталады. Жаңа зауыт заманауи мұнай-химия кластерінің өзегіне айналады", – деді Дәулет Арықбаев.

Сондай-ақ Қазақстан жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарының қуатын кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі жалпы көрсеткіш жылына 18 млн тоннаны құрайды. Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, бұл қуат жылына 29,2 млн тоннаға дейін арттырылады:

  • Шымкент МӨЗ қуатын 2030 жылға қарай мұнай өңдеу көлемін жылына алты млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда;
  • Павлодар мұнай-химия зауытын 2031 жылға қарай жылына 5,5 млн тоннадан тоғыз млн тоннаға дейін кеңейту жоспарлануда;
  • Атырау МӨЗ 2028 жылға қарай өңдеу көлемін кезең-кезеңімен 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін арттырады.

Энергетика министрлігі Атырау МӨЗ-де үш жылдық жөндеуаралық циклге өту жоспарланып отырғанын қоса айтты.

Еске сала кетейік, 2025 жылы Қазақстанда алты млн тонна бензин өндірілді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 9%-ға артық. Ал 10 жыл ішінде бұл көлем екі еседен астам өсті.