17.09.2026 13:52

Қазақстандық МӨЗ маусымаралық дизель өндірісін бастады

Барлық реагенттер көпсатылы зертханалық талдаудан өтеді.

AutoReport редакциясы
Қазақстандық МӨЗ маусымаралық дизель өндірісін бастады
Фото: ҚазМұнайГаз

Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары маусымаралық дизель отынын өндіруге кезең-кезеңімен көшуді бастады, деп хабарлайды "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ баспасөз қызметі.

Ұлттық компанияда бұл көшу Қазақстандағы температураның маусымдық төмендеуіне байланысты екенін түсіндірді. Өндіріс көлемін сақтау және отынның қажетті төмен температуралық қасиеттерін қамтамасыз ету үшін зауыттарда заманауи депрессорлық-диспергиялаушы қоспалар, соның ішінде еуропалық компоненттер негізіндегі отандық өндіріс қоспалары қолданылады.

Үш зауыт та ДТ-Е-К4 маркалы маусымаралық дизель отынын шығаратын болады. Атырау және Шымкент МӨЗ-дері сүзілудің шекті температурасы минус бестен минус жеті градусқа дейінгі дизель өндіреді. Ал 2026 жылғы 1 қазанға қарай депарафиндеу реакторларын қосып, температураны -15-тен -17 градусқа дейін жеткізеді. Ал Павлодар мұнай-химия зауыты жергілікті климатты ескере отырып, бірден 1 қазаннан бастап сүзілу температурасы -15-тен -17 градусқа дейінгі дизель өндірісіне шығады.

"Өнім сапасы МЕМСТ 32511‑2013 және КӨ ТР 013/2011 сәйкес бақыланады: барлық реагенттер көпсатылы зертханалық талдаудан өтеді, олар сақтау кезінде тұрақты және қозғалтқыштар үшін қауіпсіз", − делінген "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ хабарламасында.

Ұлттық компания техникалық регламент талаптарына сәйкес, отында кез келген қоспалардың болуы туралы мәліметтер олардың енгізілген жеріне қарамастан, әрбір партияға арналған сапа паспортында көрсетілуі тиіс екенін қосты. Егер ЖАҚС (АЗС) немесе үшінші тарап мұнай базалары түскен отынға өз қоспаларын қосымша енгізсе, олар зауыттық циклде енгізілген қоспалар ғана көрсетілген бастапқы зауыттық паспортты ұсынбай, осы партияға жаңа паспорт рәсімдеуге міндетті.

Бұған дейін Қазақстанда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған отынның қозғалысын бөлу және бақылау үшін дизельді сары, көк және қызыл түстерге бояй бастаған болатын. Сондай-ақ ПИН-кодтар белгіленіп, электронды шот-фактуралар жүйесінде дизель отынының бөлек виртуалды қоймасы құрылды.