
Volkswagen Group автоконцерні өз брендтерінің модельдік қатарын екі есе қысқартуды жоспарлауда. Қалған автокөліктер үшін компания қолжетімді жиынтықталымдар санын төрттен бір бөлікке азайтады, делінген Volkswagen Group мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, Volkswagen Group концернінің құрамына Volkswagen, Audi, SEAT, Skoda, Bentley, Bugatti, Lamborghini, Porsche және Scania брендтері кіреді. Жаңа даму жоспарына сәйкес, компания жылына шамамен 9 миллион автокөлік шығаратын болады. Осылайша, топтың мақсатты көрсеткіші қазірдің өзінде 2 миллион данаға қысқарды.
“Модельдік қатар кезең-кезеңімен 50%-ға оңтайландырылып, нарықтың ең тартымды сегменттеріне бағытталады. Ұсыныстардың күрделілігі – мысалы, қолжетімді жиынтықталым нұсқаларының саны – 75%-ға төмендейді. Бұл инвестициялар мен ресурстарды клиенттер үшін ең жоғары қосымша құнды қамтамасыз ететін және топтың дамуына үлкен үлес қосатын өнімдер мен технологияларды әзірлеуге жұмылдыруға мүмкіндік береді”, – делінген Volkswagen Group мәлімдемесінде.
Компания техникалық мүмкіндіктерді одан әрі оңтайландыру топқа өзінің өндірістік желісін өзгерген нарық конъюнктурасына және күрт күшейген бәсекелестікке сәйкес келтіруге мүмкіндік беретінін айтты. Барлық брендтер үшін өндірістің мақсатты көрсеткіші – сұранысқа сай келетін жылына шамамен тоғыз миллион дана деңгейі.
COVID-15 пандемиясына дейін компания шамамен 12 миллион автокөлік өндірісіне инвестиция құйған болатын және қазірдің өзінде көлемді 2 миллион данаға қысқартып, айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізді. Келесі қадамдар Қытай мен Еуропада жасалады.
Volkswagen Group алдағы жылдары автомобиль бизнесіне баса назар аударатынын қосып өтті. Сондықтан компания Everllence компаниясының бақылаушы акциялар пакетін 7,4 миллиард еуроға сату туралы келісімге қол қойып қойған. Бұл қаражат Volkswagen Group-тың жаңа стратегиялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталады.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Volkswagen Group шамамен 9 миллион автокөлік шығарып, әлемдегі екінші ең ірі автоөндіруші атанды.